RU

Күллі әлем мұсылмандары қасиетті Қадір түнін қарсы алуға дайындалып жатыр

Бүгін, 13 шілдеден 14-не қараған түн – мың айдан қайырлы болған қасиетті Қадір түні деп хабарлады egemen.kz.

Елордадағы "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы Абдуссамад Махаттың айтуынша, Рамазан айының күндізі және түні қасиетті. Ал айдың соңғы он күндігі ерекше қасиетке ие. Өйткені, бұл кештерде адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін Қадір түні бар.

"Құранда: "Қадір түні мың айдан абзал", – делінген ("Қадір"сүресі, 3-аят). Ал мың ай 83 жыл 4 айға сәйкес келеді.

"Осы себептен Қадір түнін құлшылықпен өткізген пенде бақытты", – дейді наиб имам. Бұл түн адамзатқа Алла тарапынан Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Ләйләт-ул-Қадр Оразаның соңғы он күнінің бірінде болады.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да қазақстандықтарды қасиетті Қадір түнімен құттықтады.

«Қадір» сөзі араб тілінен аударғанда «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді. Бұл - Құран түскен түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», - деп баяндаған.

Түндердің төресі, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір кеші - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектерімізді, әрбір қайырлы амалдарымызды Қадір түнінің құрметі үшін қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бірлігіміз бен берекеміз артып, Жаратушы иеміз әрқашан халқымызға жар болғай! Әмин!", - дейді Бас мүфти құттықтау хатында.

Қадір кеші – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Жаратушы Иеміз бұл түні шынайы намаз оқып, Өзіне жалбарына дұға жасаған пенденің барлық қайырлы амалдарын қабыл етеді.

Өткен қате-кемшіліктері мен күнәлары үшін өкініп, Жаратқаннан кешірілуін тілеген адамның тілегі де, Алла қаласа, қабыл болады. Сондықтан осы кеште көбірек дұға жасаған абзал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/816971-13-shildeden-14-ne-qaraghan-tun-qasietti-q.html