RU

ОҚО-да балық аулауға кеткен 15 жастағы бала жоғалып кетті

Оңтүстік Қазақстан облысында үйінен балық аулауға барамын деп шығып кеткен 15 жастағы бала із-түссіз жоғалып кетті.

Құтқарушылар мен ауыл азаматтары жеткіншекті бірнеше тәулік бойы іздестірген. Бірақ одан нәтиже шықпаған.

Бәйдібек ауданындағы Ақтас ауылында тұратын Нұрымжан Бүркітбай есімді баланың ата-анасының айтуынша, ол таңертең Қошқарата өзенінен балық аулаймын деп сұранып кеткен. Содан үйіне қайта оралмаған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы жасағы Ақтас елді мекеніне іргелес жатқан Кеңсай, Борлысай, Шұқыршық елді мекендерінің аумағын толықтай қарап шыққан. Осы аралықтағы таудан құлап ағып жатқан Қошқарата өзенінің сағасы да түгелдей тексерілген. Тіпті құтқару жасағының арнайы сүңгуірлері өзеннің бойымен жүзіп жүріп, суы терең жерлерді де қарап шыққан.

Тікұшақпен де жоғарыдан бақылау жүргізілген. Жоғарыдан көріну мүмкіндігі нашар деген тау шатқалдарын адамдар жаяулатып жүріп өтіп, Сарқырамаға дейінгі аралықтағы жықпыл-жықпылдың бәрін бірнеше қайтара қарап шыққан.

Іздеу жұмыстарына барлығы 178 адам мен 13 техника жұмылдырылды деп отыр ОҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Нұржан Асибеков. Үш күнге созылған іздеу еш нәтиже бермеген соң тоқтатылып, аудандық ішкі істер бөлімі Нұрымжан Бүркітбайға іздеу жариялаған.

Арада бес тәулік өтсе де 2000 жылғы туылған жасөспірімнен ешқандай хабар жоқ. Баланы көрген-білген адам болса, тиісті орындарға хабарлауын өтінеміз дейді төтеншеліктер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/817168-oqo-da-balyq-aulaugha-ketken-15-zhastaghy-b.html