RU

Алматылық дәрігерлер сырқат кейуанаға "жасыңыз келді" деп көмек бермеген

Алматылық дәрігерлер арасында қарттарды "жасыңыз келді" деп қарамай тастайтындары бар екен. Және ол бір ғана ауруханада емес. Бұл жөнінде NUR.KZ тілшісіне 85 жастағы қала тұрғыны хабарлады.

Мына суреттерде көрініп тұрғандай бүкіл денесін бөртпе басқан Надежда Павлюкова соңғы екі айда дертіне дауа іздеп, өзі тұратын аумақтағы №4 және №12 аурухана дәрігерлерінен көмек сұрап барған.

Қарияның сөзінше, ондағы дәрігерлер "Сіздің жасыңыз да келдіп қалды, дертіңізге қандай ем керек?" деп өзіне сұрақ қойып,  қабылдап ала алмайтындарын жеткізген. Қалаберді жедел жәрдем қызметін де талай шақырыпты. Олар да уақытша тыныштандыратын дәрі егіп қоя береді екен.

Күн жылынғалы денесін қызарған бөртпе басқан кейуана амалсыздан дертімен өзі күресіп жатыр екен.

"Мен әр екі сағатта аяғымды қайнаған суға салып, денемді сол ыстық сумен сулап отырамын. Сонда ғана дуылдаған қышу басылады. Әйтпесе мынандай бөртпеге шыдау мүмкін емес. Екі ай бұрын салмағым 100 келіден асатын. Қазір 65- 70-ке жететін болармын. Себебі, жүйкем тыныш емес. Тамаққа да тәбетім жоқ. Ал жедел жәрдем мен №4 және №12 аурухана дәрігерлері келісіп алғандай, емдеуден сыпайы түрде қашады. Сонда олардың айтуы бойынша үйде жатып ажалымды күтуім керек пе?", - деп ашынды кейуана.

Бұл мәселе бойынша Надежда Павлюкованың тұрғылықты жеріне жақын №4 ауруханаға хабарласқан болатынбыз. Бас дәрігердің орынбасары Хасен Дәсібеков "Науқасқа көмек көрсетуден бас тартқан емеспіз. Ол кісінің дертімен жергілікті ауруханадан кеңес алып, үйде жатып емделу керек. Ол бөртпелер ағзаның тітіркенуінен пайда болған. Осыларды айтып, үйіне қайтарған болатынбыз. Ал жасына қатысты пікірді кім айтқанын мен білмеймін", - деп жауап берді.

Кейуананың жағдайын қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарлаған болатынбыз. Мәселе  көтерілгеннен кейін Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айман Байдалдаева "Қазір науқас тері аурулары бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер емдеуді бастап кетті. Жағдайы тұрақты. Қазір қарияны қарамай тастаған емханаларда қызметтік тексеріс жүріп жатыр", - деп жауап берді.

Айман Байдалдаева "өз жұмысына салғырт қараған дәрігердің кінәсі дәлелденер болса, заң бойынша жауапқа тартылатын болады", - деп сендірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/817208-almatylyq-syrqat-keyuanagha-zhasynhyz-k.html