RU

Қазақстан ғалымдары әлемде теңдесі жоқ тағам әзірледі

Қазақстан ғалымдары әлемде теңдесі жоқ тағам әзірлеп, көпшілікке таныстырды. Бие сүтінен дайындалған тағамдар мен кондитерлік өнімдер денсаулыққа пайдалы, құрамында ағзаға кері әсерін тигізетін заттар мүлдем жоқ деп хабарлады 31 арна.

Мемлекет қазынасынан 1 миллиард теңге қаржы бөлінген жоба бойынша, әзірге 15 түрлі тәтті тағамдар мен бірнеше сүт өнімдері дайын болған. Енді жоба авторлары ғылыми жаңалықты өндіріске қоспақ.

Сан түрлі дертке шипа болған бие сүтінің қолданыс аясы кеңеюде. Отандық ғалымдар саумалдың құрамында транс май қышқылы жоқ екенін анықтап, оның денсаулыққа пайдалы екенін жаңа қырынан таныстыруға көшті. Бие сүтінен дайындалған шоколад та, балмұздақ та, тіпті, торт пен печенье де жақын күндері дүкен сөрелерінде пайда болады.

"Онда транс май қышқылы жоқ. Оның майының өзі бөлекше, оның белогы да бөлекше, нәзік. Ол ешбір малдың сүтінде жоқ. Осының негізінде жасалған тағам болғандықтан, оны біз мақтаныш сезіммен, халқымызға қазаққа тұңғыш рет көрсетіп, оны дүние жүзіне жайылып кетеді деп есептейміз", - дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Құрамы жағынан 98 пайыз ана сүтіне сәйкес келетін саумалды қолы жеткендер бұған дейін ем ретінде пайдаланған. С дәруменіне бай биенің сүтінен түрлі тағам әзірлеген мамандар оның көптеген аурудың алдын алатын, тіпті, емдейтін қасиетін байқапты.

Ал медицина қызметкерлері бұл табиғи антибиотикті емдеу-профилактикалық мақсатта пайдалануға да болатынын айтады.

"Биенің сүті ананың сүтімен тең болғаннан кейін ананың сүтімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған кезде биенің сүтін пайдалануға болады. Ол жұмыстар әлі де жалғасуда, жаңалықтарын алдағы уақытта естиміз", - дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бағдагүл Ысқаққызы.

Қазақ тағамтану академиясы таныстырған ғылыми жаңалықты мамандар әзірге әлемге теңдесі жоқ жетістік дейді.  Алайда бүкіл елге жар салып, ерекше қарқынмен басталған жобаның болашағы, даму кезеңдері көпшілікке беймәлім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/817898-qazaqstan-ghalymdary-alemde-tenhdesi-zh.html