RU

ОҚО-да өзгенің орнына тест тапсырмақ болған мемлекеттік қызметкер ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің тестінде бір үміткердің орнына бөтен азамат кірмек болған деп хабарлайды otyrar.kz облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс бойынша аумақтық тестілеу залында "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне тұруға үміткерлерге арналған тестілеу барысында Б және К есімді азаматтар бір-бірінің жеке сәйкестендіру нөмірлерін компьютерге ауыстырып енгізу арқылы тест тапсырмақшы болған.

Алайда, мұны байқап қойған тестілеу әкімшісі тестілеу ережесінің бұзылғаны туралы акт түзіп, екеуін де тест залынан шығарып жіберді.

Тексеру барысында К есімді азаматтың Қазығұрт аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы-есепшісі М.Керімқұлов болып қызмет атқаратыны анықталған. Осыған байланысты департамент тарапынан Қазығұрт аудандық мәслихаты аппаратында тексеру жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде, аппарат басшысы С.Усербаев бас маман-есепші М.Керімқұловқа Шымкент қаласына бір жұмыспен барып-келуге ауызша тапсырма бергені анықталды. Дегенмен, іс-сапарға шыққаны туралы құжаттары рәсімделмеген, ал табельге сол күні М.Керімқұловқа 8 сағат жұмыста болғаны туралы белгі қойылыпты.

Осы мемлекеттік қызметшілердің істері тәртіптік кеңесте қаралып, Қазығұрт аудандық мәслихат хатшысының өкімдерімен М.Керімқұловқа қатаң сөгіс жарияланды.

Сонымен қатар, Қазығұрт аудандық мәслихаты аппаратының басшысы С.Усербаевтың заңнама талаптарын бұзып, қарамағындағы қызметшілердің еңбек тәртібін сақтауын қадағаламағаны үшін аудандық мәслихат хатшысының өкімімен "сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Айта кету керек, 2015 жылдың 6 айындағы көрсеткіш бойынша негізгі тестілеуге келгендер саны – 1949. Соның ішінде 784 үміткер (40,2%) шекті мәнінен жоғарғы нәтиже алса, 1148 адам (58,9%) төмен нәтиже алды. Сонымен қатар, тестілеу ережесін жыл басынан бері 17 азамат бұзған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/818157-oqo-da-ozgeninh-ornyna-test-tapsyrmaq-b.html