RU

Қостанайда полицей жол ережесін бұзған тұрғынды хаттаманы орыс тілінде жазуға мәжбүрлеген

Қостанайда жол ережесін бұзған тұрғынды полицей хаттаманы орыс тілінде жазуға міндеттеген деп жазады Қостанай таңы.

Оқиғадан осыдан екі апта бұрын болған. Қостанайлық Ақтолқын есімді тұрғынның айтуынша, өзі байқаусызда бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Мұны байқаған тәртіп сақшылары тұрғынды тоқтатып, ереже бұзғанын айтады.

Тұрғын дәлел ретінде айғақтайтын бейнежазбаны көру үшін, таяу жердегі, яғни Герцен көшесіндегі полиция бөлімшелерінің біріне барады.

Ақтолқын тиісті айбын өтейтінін айтып кешірім сұрап, хаттаманы толтыруға келіскен. Алайда полицей әйелге хаттаманы қазақ тілінде емес, өзге тілде толтыруға мәжбүрлейді.

«Мен сонда да кешірімімді сұрап, қанша болса да тиісті айыбымды өтеуге даяр екенімді айттым. Хаттама толтыратын болдық. Сол кезде олар маған хаттаманы орыс тілінде толтыруды міндеттеді. Мен орысша білмейтінімді, қазақ тілінде жазатынымды айтқанымда, басын шайқап, қасарып отырып алды. Ол тілді білмесем қайтемін? Менің де айтқанымнан қайтқым келген жоқ. Сонда да күштеп орыс тілінде толтыртуға тырысып бақты. «Қазақшаны өз еліңде, ауылыңда жазасың» деп жекірді. «Өз еліңде» деп менің оңтүстіктің қызы екенімді меңзесе керек. Қостанайда өмір сүріп жатқаныма 15 жыл болды…», - дейді Ақтолқын.

Осылайша, азаматша Досмаилов Д. атты сержанттың өзіне психологиялық қысым көрсеткенін айтады.

Орнынан тапжылтпай, қорқытып-үркіткен соң Айтолқынның уақыт өте келе жүйкесі сыр беріп, халі күрт нашарлап, ақырында жедел жәрдем шақыртылыпты.

Оны дәлелдейтін ауруханадан алған анықтама қағазы да әлі қолында жүр.

Айығып шыққан соң да Ақтолқын мұны жылы жауып қоймауға бел буған.  Сөйтіп, жол сақшысына қарсы арыз жазып, көкейін тескен мәселесін арқалап, облыстық ІІД-не, қалалық сотқа және «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне кіріп шыққан.

«Жауабы бірер аптаның шамасында болады» дегендердің көбі әлі үнсіз екен.

«Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілге пысқырып қарамайтыны шымбайға батты. «Қазақтың» алдында қазақша сөйлейтінім үшін айыпкер болдым. Қалай ызаң келмейді?!», - дейді Ақтолқын ашынып.

Егер шағымы ешбірі елеусіз қалса – одан әрі ізденуге бекініп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/818386-qostanayda-policey-zhol-erezhesin-buzgh.html