RU

Назарбаев туған күнімен құттықтаған отандастарына алғыс айтты

14 шілде күні Нұрсұлтан Назарбаев 6-шы шілдедегі туған күні мен Астана күніне орай өзіне мыңдаған құттықтау хатын жолдаған отандастарына алғысын білдірді деп хабарлады КТК арнасы.

Жүректен шыққан ақ тілектер Нұрсұлтан Назарбаевты тебіренткені сонша, қауырт шаруалардан қолы енді босаған президент бүгін арнайы үндеу жазып, халқына рахметін айтты.

Астанада үш күнге жалғасқан думанды жұрт жыр қып әлі жарыса айтып жүр. Елорда күні мен Нұрсұлтан Назарбаевты мерейлі 75 жасымен кейбір президенттер жеке келіп  қуанышына ортақтасса, Арқа төсіне жолы түспегендер Ақорданы қымбат сыйлықтар мен құттықтау жеделхаттарына үйіп тастады.

Бұлардың ішінен президентті әсіресе, аймақтардан жеткен балалардың шынайы ақ тілегі ерекше тебірентіпті. Сондықтан президент қос айрықша туған күнде тосын сый жасаған еліне ризашылығын білдіруді жөн санаған.

"Көптің шынайы ықыласынан артық ештеңе жоқ. Осындай қолдау, әрине, жігерлендіреді, халыққа қызмет етуге, белгіленген бағдарламаларды орындауға күш береді. Жылы лебізді құттықтаулар үшін баршаңызға шын жүректен зор ризашылық білдіремін! Әрқайсыңызға жеке-жеке ризашылығымды білдіруге де болар еді, бірақ ол мүмкін емес. Сондықтан менің осы айтқан сөздерімді әрқайсыңызға ризашылығым мен рахметім деп білерсіздер", - дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/818914-nazarbaev-tughan-kunimen-quttyqtaghan.html