RU

"Славян базарының" биылғы жеңімпазы Ресей сахнасын бағындырғысы келеді

Беларусь мемлекетінің Витебскте өткен халықаралық "Славян базары-2015" байқауының Гран-Приін иеленген қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов 15 шілде күні Астанада өткен баспасөз мәжілісінде Ресей сахнасын бағындырғысы келетінін айтты.

Баспасөз мәжілісіне байқау жеңімпазымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, әншінің ұстазы Майра Дәулетбақова, Сонымен қатар, осы байқаудың балаларға арналған сайысында қазылық еткен қазақстандық әнші Әлішер Кәрімов қатысты.

"Бұл байқауға әлемнің 21 елінен сайдың тасындай іріктелген өнерпаздар қатысты. Осындай мықтылардың ішінде топ жарып шығу мен үшін үлкен абырой. Конкурстың бірінші күні Алла Пугачеваның репертуарынан Константин Меладзенің "Опять метель" әнін орындадым. Негізі басында басқа әнді орындамақшы болғанмын. Өйткені, бұл ән байқауларға арналмаған. Бірақ ұстазымыз екеуіміз кәсіби нақышта өндеп, сахнаға алып шықтым. Барлығы жылы қабылдады. Қазылар жоғары ұпай қойды. Ал екінші күні француздың Sos dun terien un detresse әнін айттым. Бұл ән бала кезден ұнайтын еді. Екі күннің қорытындысы бойынша 175 балл жинап, көш бастадым. Соңғы сайыста үнемі байқауларда жүлделі орын алуыма септігін тигізіп жүргізген халық әні "Дайдидауды" орындадым. ТМД елдерінің мықты әншілерінің алдында қазақ әнін айтқаныма қуаныштымын. Қазақтың әндерінің кереметтігін көрсеткім келді", – дейді Димаш Құдайбергенов.

Байқау жеңімпазы алдағы уақытта Ресей сахнасында ән шырқағысы келетінін де айтты.

"Ресей әншілерімен бір сахнада өлең айту бала кезден арманым болатын. Алдағы уақытта Ресей сахнасын бағындырғым келеді", – дейді жас әнші.

Сондай-ақ қазақстандық әншілерден өзінің ұстазы Майра Дәулетбақова мен Әлішер Кәрімовті жоғары бағалайтынын басқа кумирі жоқ екенін айтып өтті.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергенов Қазақстан тәуелсіздік алған 24 жылда "Славян базары-2015" байқауының жеңімпазы атанған алғашқы әнші. Гран-при жүлдесі үшін 20 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Ол бұған дейін бірнеше байқауларда жүлделі болған. 2012 жылы "Шығыс базары" конкурсында жеңіске жетсе, бір жылдан кейін жас орындаушылардың "Мейкин Азия" алғашқы халықаралық фестивалінде жеңімпаз атанған. Димаш бүгінгі таңда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/819725-dimash-qudaybergenov-resey-sakhnasyn-b.html