RU

Келімбетов: Доллар бірден 190 теңгеден асып кетпейді

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов валютаның жаңа дәлізіне байланысты доллардың бағамы бірден шарықтап кетпейтін болады. Оның айтуынша, алдағы тоқсанда доллар бағамы бүгінгі деңгейде қала бермек.

Айта кетейік, бүгінгі күннен бастап доллардың теңгеге шаққандағы дәлізі 198 теңгеге дейін кеңейтілген болатын.

Осыған орай тілшілер Ұлттық банк басшысына: «Доллар бағамы бүгіннен бастап 190 теңгеден асып жығылады дегенді білдіреді ме?» деген сауал тастаған болатын.

Өз кезегінде Келімбетов доллардың бағамы алдағы тоқсанға дейін өзгермейтінін хабарлады.

«Бірінші жартыжылдықта доллар 2,5 пайызға өскен. Бұл жарты жылда болған өсім. Сұранысты арттырудың ешбір қисынын көріп отырғанымыз жоқ. Жақын арада бүгінгі бағам қала береді. Біздің кеңейтілген дәлізге келетін болсақ, ол бірден орын алмайды. Алдағы тоқсанда орын алады деп ойлап отырмыз», - деді ол.

Келімбетов Ұлттық банк пен Үкімет алдағы уақытта экономикадағы долларландыру деңгейін төмендетуді жоспарлап отырғанын да жасырмады. Бұл арқылы экономиканы әртараптандыру мен тұрақтандыру, қолмақол ақшасыз төлем әдісін жетілдіруді көздеп отыр.

«Рубль мен долларды сатып алу мамыр айында екі есеге қысқарса, еуроны сатып алу 20 пайызға төмендеген. 2015 жылдың мамырында қазақстандықтар барлығы 240,2 миллиард теңгені сатып алған. Сәуір айындағы салыстыру бойынша, айырбастау орындарындағы EUR/USD/RUR валюталары барлығы 502,2 миллиард теңгені құраған. «Қазақстандағы депозитерді кепілдендіру қоры» АҚ директорлар кеңесі нақтылағандай теңгемен депозит ашқан әр тұлғаға 10 пайыз өсім берілсе, шет елдік валютада өсім жылына небәрі 3 пайызды құрайды. Осы негізде жоспарланып отрыған долларландыру деңгейін төмендету макроэконмика тұрақтылыққа қол жеткізбек, деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Төрағаның сөзінше, Үкімет пен Ұлттық банктің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету айырбас бағасының тұрақтылығын сақтауға қатысты біріккен іс-қимылдарының арқасында қол жеткізген нәтиже.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы жылдарда мұнай бағасы барреліне 50-70 доллар көлемінде болады.

"Рубльдің өзге валюталарға қатысты бағамы негізінен мұнай бағасының ауытқуына байланысты болады. Егер мұнай бағасын сұрасаңыздар, оны болжау қиын. Дегенмен сарапшылардың ортақ көзқарасы бар, ол бойынша, алдағы жарты және бір жылда мұнай бағасы 50-70 доллар шамасында қалады. Меніңше, бұл алдағы жылы ең оңтайлы баға. Егер алдағы жарты жылда болатын жағдайды сараптайтын болсақ, оның деңгейі 50-60 доллар шамасында сақталады", - деп атап өтті бас банкир.

Оның ойынша, бюджеттің көлемі де өзгермейді. Себебі бюджет мұнайдың бағасы 50 доллар шамасында қаланды.

"Алдағы екі жылда мұнай бағасы барреліне 50-70 доллар шамасында қалады деп ойлаймын. Биыл ол 55-60 көлемінде ауытқуда. Егер ол өзгерген жағдайдың өзінде, елдегі валюталық саясат өзгермейді", - дейді ол.

Айта кетсек, Ұлттық банк төрағасы бүгін орын алған өзгерістерге қарамастан, қаржыны теңгелік депозиттерде сақтаған тиімді деген пікірінен тайған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/819744-kelimbetov-rubl-baghamy-munay-qunyna.html