RU

Алматыда балабақшаға бара жатқан жедел жəрдем көлігімен соғылған жүргізуші айыппұлмен құтылды

Алматыда жедел жəрдем көлігімен соқтығысқан Nissan Maxima жүргізушісі Сəкен Байдуллаевқа қатысты сот үкімі шықты. Алматы əкімшілік сотының шешімімен ол Қылмыстық кодекстің 610-бабы 1-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Айыпталушы айыппұлды 10 тəулік ішінде төлеуі керек.

Айта кетейік, жол апаты 20 мамырда болған еді. №58 балабақшадағы төтенше жағдайға асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігі Абай- Алтынсарин көшелерінің қиылысында Nissan Maxima көлігімен соқтығысқан. Салдарынан екі фельдшер дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерек бойынша қозғалған əкімшілік іс материалдарына сəйкес жедел жəрдем көліктерінің арнайы дабылы қосулы болған.

Жол қозғалысы ережесінің 6-пункті бойынша жедел қызмет өкілдеріне жол ережесін бұзуға рұқсат етілген. Тек олар басқа көліктер жол беріп тұрғанына көз жеткізу керек. Жедел жəрдемде орнатылған видеорегистраторда өзге көліктер екі жедел жəрдем көлігін өткізген.

ЖЖЕ 6,2 пунктына сəйкес, Nissan Maxima көлігі өзге көліктердің əрекетін бақыламаған.

Істі қарау барысында 3 жылдық жүргізушілік тəжірибесі бар Байдуллаев Сəкеннің осыған дейін 10 шақты рет жол ережесін бұзып əкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Салынған айыппұлдың біреуі де төленбеген.

Айыпталушы енді жол ережесін бұзса, оның әрекеті қайталанды деп танылып, бір жылға жүргізушілік құқығынан айрылады.

Айта кетейік, сол күні жедел жәрдем көлігі №58 балабақшада болған апатқа асығып бара жатқан.

Онда Toyota Land Cruiser көлігінің 47 жасар жүргізушісі балабақша қоршауын қиратып 5 жасар қыз баланы басып кеткен. Қыз бала сол жерде қайтыс болды. Одан өзге 8 бала жапа шеккен.

Қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Əзірбектің айтуынша, қазір Toyota Land Cruiser жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс əлі сотқа берілген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/819822-almatyda-balabaqshagha-bara-zhatqan-zhed.html