RU

Алматы облысында шілденің соңына дейін 46°C ыстық болады

Синоптиктердің болжамынша, шілде айының соңына дейін күн ыстық болады деп жазды bnews.kz.

«Республиканың оңтүстік өңірлерінде тұрақты жоғары ауа температурасына байланысты дабылды ескерту жарияланған еді. Еліміздің оңтүстігінде 45 градусқа дейін ыстық болады. Сондай-ақ кейбір аймақтарда шаңды дауыл тұруы да ғажап емес, ал аптап ыстық шілде айының соңына дейін сақталады», - дейді Алматы Гидромет маманы Нұрлан Абай.

Дабылды ескертуге байланысты Алматы облысының ТЖ департаменті өңір тұрғындарын таулы жерлерге бармауға, көшедегі жүрісті азайтуға шақырды.

«15 мен 20 шілде аралығында ауа температурасы +40 - +43°C дейін көтеріледі, соған байланысты Алматы облысының тауларында сел жүруі мүмкін», - делінген ТЖ қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, аптап ыстық табиғатқа да үлкен залалын тигізіп жатыр. Алматы қаласы мен облысында құрғақ шидің, шөптің өртенуі жиілеп кетті. Қалалық өрт сөндіру қызметінің мамандары күніне 6 рет өрт сөндіруге шығады деп хабарлайды Today.kz сайты.

Сонымен 0атар Алматыдағы ыстықтан жапа шегушілердің саны көбейіп барады. Күніне жедел жәрдем стансасына келіп түскен қоңыраулардың саны 2-2,5 мыңға дейін артқан. Оның ішінде күннің ыстығынан қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырған, басынан күн өткен адамдардың саны да өскен.

Әсіресе, аномальды ауа райынан жас балалар мен ересек адамдар жапа шегуде.

"Бұл жерде балалардың жағдайына ерекше мән беру керек. Балалар өздеріне жауап бере алмайды. Сол себептен ересектер қадағалауы керек. Басына қалпақтарын кигізіп, көлеңкеде ойнатып күн астында көп жүрмеуін бақылау қажет", - деді Медициналық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Нұржан Жәкешбаев.

Күннің қатты ысуы Алматы облысындағы мұздықтардың еруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан, қалалық ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына тауға шығуды кейінге қалдыруға кеңес беріп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/820900-aptap-ystyq-shilde-ayynynh-sonhyna-deyin.html