RU

Оралда полицейлерден қашқан көлік шатырдың үстінен бір-ақ шықты (фото)

Оралда «ВАЗ-2110» автомобилі Тайманов көшесіндегі жедел жәрдем стансасы маңында орналасқан «Агаев» дәмханасының шатырына дейін «ұшып» кетті.

Бұл оқиғаның қалай болғаны әзірге белгісіз. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, көлік БҚО ІІД ӘПБ қызметкерлерінен қашқан, деп хабарлады «Мой город» басылымына сілтеме жасап Қазақпарат.

Оқиға болған кезде дәмхананың ішінде төрт адам болған. Түнде жұмыс істейтін қызметкерлер таңертеңге дейін қалады екен.

"Дәмханада ұйықтап жатқанбыз. Шу шыққанда сыртқа шықтық. Өйткені, жазғы дәмханада қыз ұйықтап жатқан. Шықсақ, мұнда бір жігіт отыр. Сөйтсек ол шатырдағы көліктен «түсіп» қалған. Көліктен бензин төгіле бастады", - дейді дәмхана қызметкері Ольга.

Фельдшер жедел жәрдем стансасына келгенде дәмхана маңында үш жігіт болғанын айтты.

"Олар мас болды. Біреуінің жағдайы ауыр екен. Үшеуі де ауруханаға жеткізілді. Алайда біреуі ізін суытты", - дейді фельдшер.

Дәмхана иесінің сөзіне қарағанда, енді шатырдың бір бөлігін ауыстыру қажет. Оқиға орнында полиция қызметкерлері тергеу жүргізуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/820920-oralda-policeylerden-qashqan-kolik-sha.html