RU

Оңтүстіктің базарларындағы жеміс-жидек бас санитар дәрігердің жағасын ұстатты

ОҚО-да сатылып жатқан қауын-қарбыздың сапасын тексеретін ешкім жоқ. Үш күн бойы базардағы көкөніс пен жеміс-жидек сапасын тексерген еліміздің бас санитар дәрігері облыстағы барлық санитар мамандарын сынға салды деп хабарлады КТК арнасы.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, сауда орындарындағы зертханалардың аты бар да заты жоқ. Өнімдердегі нитраттар көлеміне не базар басшылары, не кәсіпкерлердің өзі мүлдем мән бермейді. Салдарынан, қарбыз-қауын жеймін деп ауруханаға түсіп жатқандар саны да күрт артқан.

Үш күн бойы Оңтүстік базарларын аралап, жеміс-жидектің сапасын тексерген еліміздің бас санитар дәрігерінің қабағы қату. Өңірдегі мамандарды түгел сынға алды.

"Бұл өнімдер президент айтқандай ұлттық бренд болмақ түгілі, жеуге қауіпті", - дейді Жандарбек Бекшин.

"Өндірістік бақылау кәсіпкерлер жүргізбейді өзі. Сондықтан, базарларда істеліп жатқан ветеринариялық лаборатория  өсімдіктердің нитраттары басқа да қауіптілігіне мән бермейді. Ол анықталды. Сол Сарыағаш орталық базарында бәрін дәлелдеп көрсеттім", - дейді бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин.

Бекшин тіпті жергілікті санитарларға бақша дақылдарын қалай тексеру керек және нитраттың қанша мөлшерден аспау керектігін үйретуге де мәжбүр болды. Өзі анықтағандай, химиялық тыңайтқыш шамадан көп қосылған өнім Өзбекстаннан ағылып жатыр.

"Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің жариялаған мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы нитратқа толы жеміс-жидектерден көш басына шығыпты. Олар жүргізген тексеру қорытынды бойынша оңтүстіктен әкелінген қарбыз-қауын ғана емес, шабдалы, тіпті пиязбен қызанақта да нитарттар шамадан тыс екен", - дейді Бекшин.

Салдарынан, іші бүріп, қызуы көтеріліп, емдеу мекемелеріне түсіп жатқандар саны да көбейген. Мәселен, қазір бір Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде күніне жеміс-жидек жеп уланған 80 адам түседі.

Ал олардың басым көпшілігі бүлдіршіндер. Сондай улы қарбыз жеймін деп жансақтау бөлімінде жатқан 2 жасар Аяжанның беті бүгін бері қарады.

"2 күн ауыра бастады мазасы кетіп, температурасы кетіп 39-ға дейін көтерілді. Сонымен қатты ауырып, іші өтіп, реанимацияға түсті.  Енді қауын-қарбыз жеуге қорқып қалдық қой. Оны бермеймін де қатты ауырғаннан кейін", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Түйешиева.

Дәрігерлер әлі қарашаға дейін жеміс-жидектерден ауырып түсетіндер саны азаймайды дейді.

Ал басшысынан сөз естіген Оңтүстіктің санитар-эпидемиологтары болса "енді базарлар түгілі шекарадан кірген әр өнімді жеке-жеке тексереміз" деп сескенген кейіп танытып қалды-мыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/821523-onhtustiktinh-bazarlaryndaghy-zhemis-zhi.html