RU

Бүгін барша мұсылман қауымы ұлық мереке Ораза айт мейрамын тойлауда

Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы басталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.

"Барша қазақстандықтарды қасиетті Ораза айт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам мұсылман қауымы үшін маңызды Рамазан айының аяқталуын білдіреді. Татулыққа, тыныштыққа, қайырымдылық пен жанашырлыққа үндейтін ислам дінінің рухани қасиеті осы Рамазан айында кеңінен көрініс табады. Осынау мейрамның құрметі үшін барша әлем мұсылмандары нәсіліне, ұлтына қарамастан жақындарына қамқорлық танытып, мүмкіндігінше мұқтаж жандарға материалдық және рухани қолдау көрсетеді", - деді президент.

Президент Ораза айт мерекесі қоғамымыздағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайтуына ықпал ететінін атап өтті.

"Қазақстанда түрлі этностар мен діндер өкілдері достық пен келісімнің, жасампаздық пен бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл құндылықтарды дамыта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет. Осынау қасиетті күнде мен баршаңызға рухани келісім, табыс, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Қасиетті Ораза айт мерекесі қоғамымыздағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайта берсін!", - деді өз құттықтауында Назарбаев.

Дәл осы күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі  Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады.

Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да  ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/821579-bugin-barsha-musylman-qauymy-ushin-enh-qa.html