RU

Шымкенттік жергілікті "Құртафелло" бренді үлкен сұранысқа ие болды

ночной Шымкент
Фото: Facebook

Соңғы аптада әлеуметтік желілер мен сайттарда "Құртафелло" тауар белгісі танымал бола бастады. Бір оқырман "Не шықса да Шымкенттен шығады" деп пікір қалдырды, екіншісі қалжыңға балап жатты деп жазады shymkala.kz.

Идея авторы, жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева болса адамдар "Құртафеллоға" мұнша қызығушылық танытады деп ойламапты.

"Шымкентте бәсеке көп. Сол себепті халыққа жаңа нәрсе ұсынғым келді. "Құртафаелло" деген атауды көрдім, идея бірден ұнады. Адамдарды ауылдың құртына қызықтыру үшін "Құртафелло" деп сәл өзгерттім. Құрттың адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз, сақталу мерзімі шектеусіз, бұзылмайды, дәмі өзгермейді,  ұлттық өніміміз ретінде шетелге таныту басты мақсатым", – дейді кәсіпкер.

"Құртафелло" тауар белгісін Raffaello шоколадының атауымен шатастыруға болмайды. Өйткені, Айнаш қораптың дизайнын өзгертіп, Астанадағы авторлық құқық саласының мамандарымен кеңесіп, тіркеуден өткізген.

Бүгінде "Құртафеллоның" бір қорабы орташа есеппен – 250 теңгеден сатылуда. "Графикалық дизайн" мамандығын бітірген ол қораптың сыртын қарапайым принтерден өзі шығарып, қолмен қиып, жабыстырып  жүр. Болашақта ісін жеңілдету үшін шетелден арнайы қондырғылар алдырмақ.

"Негізі қымыздың бөтелкесіне жабыстыратын этикеттің нобайын ойластырып жүріп, "Құртафеллоны" ұсындым. Алғашқы тұтынушыларым ата-анам мен бауырларым. Олар менің талабымды құптап, қолдау көрсетті. Танымал болуды, пайда табуды мақсат тұтпадым, жоспар да жасамадым. Сол себепті жан-жақтан адамдар хабарласып, құттықтап, енді әрі қарай не істейтінімді сұрағанда абдырап қалғаным рас", – дейді Убайдуллаева.

Айнаштың бүгінде "Ақсұңқар" атты жеке жарнама агенттігі бар. Балабақшалар мен білім ордаларына көрнекілік құралдарын жасап, дизайнерлік қызмет көрсетеді.

Ал 11-сыныптан бастап қосымша табыс табу үшін қымыз сату ісімен айналысады екен.

"2009 жылдары анам сырқаттанып жүрді. Әкем бие сатып әкеліп, анам үш ай саумал ішіп, дертінен құлан-таза айығып кетті. Сосын қымызды басқалар да тұтынсын, денсаулықтарын түзесін деген оймен қымызхана аштық. Бүгінде бес жылдан асты. Тіпті қымыз бен қымыранды Астана, Алматыдан арнайы келіп алып кететін тұрақты тұтынушыларымыз бар", – дейді жас кәсіпкер.

Жақында Айнаш білімін жетілдіру үшін Қытайға аттанбақшы. Ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеп, шетелге таныту, құртты брендке айналдыру – оның басты арманы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/822458-qurtafello-shymkenttinh-zhanha-brendi-atal.html