RU

Шымкентте бас санитар дәрігер тағы бір былықтың бетін ашты

Оңтүстік Қазақстанда кенені залалсыздандыруға бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалған. Салдарынан кене шаққан 6 адам конго-қырым қанды безгегін жұқтырып, екеуі тіпті жан тапсырған деп хабарлады КТК арнасы.

Бұл деректер өңірге еліміздің бас санитары аттанғанда ғана ашылып отыр.

Арнайы дәрілерге ұсақ малды қанша батырғанмен, енді оның пайдасы шамалы. Биыл залалалсыздандыру жұмысы кеш басталып, кене қаптап кеткен.

Облыс бойынша тәулігіне кене шаққан 40 адам ауруханаға түсіп жатыр. Тіпті 6 адамның конго-қырым қанды безгегін жұқтырып, соның екеуі көз жұмғаны енді ғана айтылып отыр.

Биыл бұл зиянды жәндіктерді жоюға республикалық бюджеттен бақандай 500 млн теңгедей қаражат бөлініпті. Алайда, арнайы тексеріспен келген еліміздің бас санитар дәрігері бұл сома желге ұшырылған деп отыр.

"Залалсыздандыру жұмыстары Оңтүстік Қазақстанда бар болғаны 18 пайызға жүргізілген. Әлі жұмыстар мүлдем басталмаған аудандар да бар. Қора-қопсыны, ірілі-ұсақ малды дәрілеу де мүлдем дұрыс жүргізілмеген. Ел қазынасынан қыруар қаржы бөлінген соң, сылтау айтпай жұмыс жасау керек қой", - дейді бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/822959-shymkentte-bas-sanitar-dariger-taghy-bi.html