RU

Биыл Астана-Дубай бағытында әуе рейсі іске қосылады

Астана қаласы бойынша әлемнің бес қаласына жаңа әуе бағыттары ашылмақ. Соның ішінде 2015 жылы Астана-Дубай әуе бағыты іске қосылады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлімдеді.

"Әуе рейс саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Осы негізде Астана арқылы әлемнің көптеген қалаларына тіке әуе бағыты ашылып, Пекин, Стамбул, Мәскеу, Лондон, Париж, Сеул қалаларына тікелей қатынауға мүмкіндік туып отыр. Алдағы уақытта әлемнің өзге бес қаласына әуе рейстерін іске қосу жоспарда бар", - дейді Исекешев.

"Соның ішінде 2015 жылы Дубай, 2016 жылы Гонконг, 2017 Токио, 2018 жылы Сингапур, 2019 жылы Нью-Йорк пен Шанхай қалалары. Жүктерді тасымалдауды оңтайландыру үшін визалық режимді жеңілдету істері туризмді дамытуға септігін тигізеді", - деп атап өтті министр өз сөзінде.

Сонымен қатар Исекешев экономикалық өсім мен индустрияландыруды дамыту үшін құрылымдық реформаларды іске асыру көзделіп отырғандығын айтады.

"Мемлекет басшысы 5 институционалды реформа мен оларды жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадамды жария етті. Біздің министрлікке түрлі басымдықтар бойынша бірнеше қадам бекітілген. Жаңа жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда, осы жылы 100 жобаны іске қосу жоспарланған", - деді Исекешев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/824448-biyl-astana-dubay-baghytynda-aue-reysi.html