RU

ОҚО-да әкесін байқауда жеңімпаз еткен шенеунікке шара қолданылды

Оңтүстік Қазақстан облысында әкесін конкурста жеңімпаз еткен шенеуніктің ісі қаралды деп хабарлады Bnews.kz.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бапасөз хатшысы Ерлан Ермаханбетовтің хабарлауынша, жақында Түркістан қаласында "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдаудың" тұрақты қалаішілік маршурттарына қызмет көрсету құқығына арналған байқау өткізілген.

Аталған байқауға "Жолаушы" ЖШС 1 және 2 лоттар бойынша жеңімпаз деп танылған. Конкурста комиссия төрағасы болып Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергенов сайланған.

"Жеңімпаз деп танылған "Жолаушы" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы Дәурен Тәңірбергеновтің туған әкесі болып шықты", - дейді баспасөз хатшысы.

Ерлан Ермаханбетовтың айтуынша, президенттің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 жарлығымен бекітілген Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің 13 тармағына сай, мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолданылуы тиіс.

"Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызмет туралы заңның 18-2 бабында егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыруына тыйым салынатындығы айтылған. Атап айтқанда, мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға, тiкелей басшысына немесе мемлекеттiк органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Соның негізінде, оның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруы тиіс", - деп толықтырды ол.

Әкім орынбасары Дәурен Тәңірбергенов мүдделер қақтығысына жол бергендігі және оны болғызбау мақсатында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін Ар-намыс кодексінің талаптарына сай тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Айта кету керек, биылғы жылдың 6 айының көрсеткіші бойынша Тәртіптік кеңесте 54 тәртіптік іс қаралған болса, оның ішінде Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін – 20, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін – 10, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 7 және атқаратын қызметінен босату – 3 қызметкерге шешім қабылданған", - деп атап өтті Ерлан Ермаханбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/824793-oqo-da-akesin-bayqauda-zhenhimpaz-etken.html