RU

Алматыда ер адам төсектес болудан бас тартқан қызды өлімші етіп сабады (фото)

Алматыда әлеуметтік желі арқылы танысып, бірінші кездесуде төсекке тартпақ болған жігіт айтқанына көнбеген қызды өлімші етіп сабады. Бұл жөнінде қазір ауруханада түтікше арқылы тамақтанып жатқан 1991 жылы туылған Айдарова Жанаттың туған әпкесі NUR.KZ тілшісіне хабарлады.

Ол «Жанат Абзал Зетбеков есімді азаматпен алыстау туысқан сіңліміз арқылы танысқан. Сөйтіп, олар әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген. Абзал Жанатты Алматыдағы бір кәуапханаға тамақтануға шақырыпты. Алғаш кездесіп, танысып тамақтанып болғаннан кейін жігіт «Мен пәтер алып қойдым. Сонда барамыз» депті. Жанат келіспейтінін айтқан кезде телефонын тартып алып, басының артқы бөлігінен соққылай бастаған. Одан беліне теуіп талдырып тастаған", - дейді.

Қыздың өлімші түрін көріп Абзал өзінің Ғабит деген жолдасын шақырады. Екеуара әңгімеде Жанат қызды «Өлтіріп, Сайран көліне апарып тастап кетуді» ұсынады.

Алайда жолдасы Ғабит, «Жанат полицияға шағымданушы болма. Егер арызданар болсаң, кез келген жерден сені тауып алып өлтіріп кетеміз. Қазір ауруханаға апарып тастаймыз» деп айтады. Содан өлімші етіп соққан қызды екі жігіт Алматыдағы №5 қалалық ауруханаға тастап кетеді» дейді Жанаттың әпкесі.

Осыдан кейін барып Жанат Айдарованы әпкесі осы ауруханадан тауып алады. Айтуынша, аурухана дәрігерлері жағы шығып, сөйлеуге шамасы келмей тұрған қызды таң атқанша аурухана дәлізінде ұстаған. Кезекші дәрігерлердің бірі сол түні Жанаттың жағын салып беріпті.

Оқиға осы жылдың 15 маусымында болған. Сол күні–ақ полицияға шағым түсірген Жанаттың әпкесі әлікүнге ісіміз қаралмай жатыр дейді.

«Алмалы ауданының тәртіп сақшыларына күдіктінің аты-жөнін, тұратын жерін барлығын айттық. Қозғалған жоқ. Шағымымыз бойынша не болып жатыр десек бір полиция сұрағымызға жауап бермейді», - дейді соққыға жығылған қыздың әпкесі.

Ал Алматы қаласы бойынша ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек болған жайтқа байланысты «Күдікті жігіт іздестірілуде. Осы апта ішінде табамыз» деп жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/825599-almatyda-er-adam-tosektes-boludan-bas.html