RU

Астанадан Қызылордаға бағыт алған пойыз жолаушысы 2,6 млн теңгесін ұрлатып алды

18 шілде 32 жастағы азамат «Астана-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызында қара жол сөмкесіне салып қойған 9200 АҚШ доллары және 1 145 000 теңгесін ұрлатып алған.

ОҚО Арыс станциясындағы Желілік полиция бөліміне 32 жастағы азамат «Астана-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызында қара жол сөмкесіне салып қойған 9200 АҚШ доллары және 1 145 000 теңге қаражатының ұрланғандығы туралы шағым түсірген.

Ақшасының жоқ екендігін ол Шымкент станциясына келген кезінде бір-ақ біліпті.

Сол күні Жамбыл станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында қомақты қаражат сомасын қолды қылған Тараз қаласының 43 жастағы тұрғынын «ізін суытпай» қолға түсірді.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат өз әрекеттерін мойындап отыр. Ұрланған заттар тәркіленіп алынып, күдікті Арыс АІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 188 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тексерулер жүргізілуде.

Көлік полицейлері азаматтардан мұқият болуын және өз заттарын қараусыз қалдырып кетпеулерін сұрайды.

Сондай-ақ, жолаушылар пойызындағы ұрлықтың 99% жолаушылардың қамсыздығынан, өздерінің заттары мен құжаттарына ұқыпты қарамайтындығынан болатындығын ескертеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/825880-astanadan-qyzylordagha-baghyt-alghan-po.html