RU

Қазақ хандығы туралы сериалға деп бөлінген $5 млн қаражатты түсіру тобы жарата алмады

"Қазақ елі" деп аталатын Қазақ хандығы туралы сериалға бөлінген $5 млн қаражатты фильмді түсіру тобы жарата алмады. Қаражаттың басым бөлігі Қазақфильм шотында жатыр деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

"Заң тілімен айтайын. Сериалға басында қаржыландыру басталғанда фильмнің құнының 30%-ы бөлінеді. Ол жаратылғаны туралы есеп берілгенде, келесі транш бөлінеді. Қазақфильмнің жанынан фильм-сериалды түсіруге деп құрылған топ сол бөлінген 30% қаражаттың игерілгені туралы есеп берген жоқ. Яғни олар шартты түрде тек 1,5 млн қаражат алды, ал қалғанын жаратып та үлгермеді", - деді сәрсенбі күні Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, қалған 70% қаражат Қазақфильм шотында жатыр. Ал бөлінген 30% қаражаттың игерілуін ол жеке өзі қадағалап отыр.

"Ол 30% қаражаттың игерілуін жеке өзім қадағалап отырмын, киімдер тігілді, керек-жарақтар дайындалды, екі айдан бері актерлермен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Себебі біз ол фильмнің, әдеттегідей, әртістер үш күнде жаттаған сөздерін ұмытып қалып, көздері бақырайып тұрмайтындай, жоғары сапада түсіргенін қалап отырмыз", - деді министр.

Бұл ретте ол актерлермен дайындық 2 айдан бері жалғасып келе жатқанын, ал бөлінген $5 млн, министрдің ойынша, сериалды дайындауға жеткілікті.

"Менің білетінім, тіпті 100 млн доллар қаражат бөлінген күннің өзінде режиссер келіп: "маған 300 млн беріңіздер, мен қиял жетпейтін фильм түсіріп беремін", - дейді. Ол көркем шеберлікке ұмтылыстың шегі болмайды. Ол дұрыс та. (...) Ал оның (сериал режиссері – Рүстем Әбдрешовтың – ҚазТАГ) бір жерде икемсіздеу түрде "біз масқара жағдайдамыз" деп айтқаны, ол өзінің ойын дұрыс жеткізе алмауынан. Шын мәнісінде мен оған демеушілерден көмек сұрауына рұқсат бергем. Ол дұрыс та. Көмектесуге дайын адамдар бар", - деп есептейді Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, "Қазақ елі" сериалын түсіру кестеге сай жүріп келеді.

Сериалдың режиссері Әбдрешев пен бас продюссері Арман Әсенов БАҚ-тарға берген сұхбатында сериалды түсіруге $5 млн емес, $10 млн керек деп мәлім еткен-ді.

Еске салсақ, "Қазақ елі" сериалының жобасын таныстыру 2015 жылы 6 мамырда болған. Алғашқы жоспар бойынша фильмді түсіру маусымда басталуы керек еді. Кейін түсіру мерзімі қыркүйек айына деп шегерілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/826854-qazaq-khandyghy-turaly-serialgha-dep-bol.html