RU

Қызылорда тұрғыны 7 жастағы баласын аяусыз соққыға жықты

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам ауылының тұрғыны 7 жастағы баласы Әлішер Темірашевты бұзықтығы үшін аяусыз соққыға жыққан.

"Туған анасы от көсейтін темір құралмен ұлының денесін зақымдап, оқтаумен сабаған", - дейді бейімдеу орталығының мамандары.

Бұған дейін де, қаңтар айында Әлішердің денесінен соққы мен күйіктің ізін байқаған балабақша тәрбиешілері жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген екен. Ата-анасына балаға қысым көрсетпеу жөнінде бірнеше мәрте ескерту жасалған.

Дегенмен анасы ешкімді тыңдамай, бар ашуын баласынан алып, оны аяусыз соққыға жыға беріпті. Әбден зәбір көрген балғын 29 маусым күні облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді.

"Бала үстінен дене жарақатын байқадық. Түрлі тырнақ іздері, мойнынан қылғындырған екен. Сөйлемейтін, әбден қорқып қалған. Қорқу-үрку сезімдері басым. Психо-диагностикалық, психо-коррекциялық жұмыстар жүргізілуде", - дейді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының психологы Меруерт Жұмашева.

"Баланың тағдыры келешекте әлі шешімін таппай тұр. Себебі баланың тағы 2 бауыры бар. Заң бойынша 1 отбасы балаларын бөлмейді. Ал анасы баланы беруден бас тартып отыр. Бұл үлкен проблема болып тұр", - дейді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Нұргүл Қабжанова.

Әлішер бейімдеу орталығында 2 ай жатып, түрлі емдік курстардан өтеді. Осы уақыт аралығында оның 2 бауырын қамқорлық мекемелерінің мамандары бақылауға алады.

Әлішер Темірашевтің өз отбасына оралу немесе мемлекет қамқорлығына алыну мәселесімен заң органдары айналысуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/827288-qyzylorda-turghyny-7-zhastaghy-balasyn-qy.html