RU

Селден зардап шеккен аймақ тұрғындары оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді

Алматының Наурызбай ауданы тұрғындары селден кейін біртіндеп, зардап шеккендерге арналған қабылдау пункті - №176 мектептен кете бастады. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне №15 емхананың бас дәрігері Серік Шәдібеков мәлімдеді.

"Аталмыш орталыққа барлығы 328 адам келіп түсіп, тіркеуге алынды. Олардың 78 жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Дегенмен көбі жайғастыру пунктінен туысқандарының үйіне немесе таныстарына кетіп қалды", - дейді Шәдібеков.

Тұрғындардың көбі үрейлерін басу үшін психологиялық көмекке жүгінген. Таңғы бестен мектепте дәрігерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер кезекшілік етті. Көбіне медициналық көмекке жүгінуге тура келген.

Спортзалға зардап шеккендер үшін төсектер қойылды. Келіп түскендер арасында балалар аз емес. 12 жастағы Жоғарғы Каменка тұрғыны Мейіржан Ғаппарбеков отбасын қалай қауіпті жерден көшірілгенін айтып берді.

"Барлығы түнгі 3-тен басталды. Біздің бірталай көршілеріміздің қақпалары мен сарайлары қирады. Біздің үй жер сілкінгендей шайқалып тұрды. Біз құтқарушылар қызметі батпақты тазалап, бәрін қауіпсіз жерге шығарғанша ұзақ күттік", - дейді Мейіржан.

Мұнда селден зардап шегуі мүмкін деген аймақтардан да тұрғындар жеткізіліп жатты. Есімін атамауды сұраған "Қалқаман-2" ықшам аудан тұрғындарының бірі Наурызбай әкімдігінің қызметкерлері оны отбасымен қауіпсіз екендігіне көз жеткізбей жатып, үйіне оралуына көндіргенін айтып отыр.

"Маған үш баламмен үйіме қайтуға тура келді. Ал ол жерде бәрін сел басып кеткен болып шықты. Мен қайтадан осында қайтып келдім. Бізге не үшін жалған ақпар берді?", - деп ренішін білдірді әйел.

Еске салсақ, №176 мектепте және Наурызбай ауданының әкімдігінде зардап шеккен тұрғындар үшін үш қабылдау пункттері ашылды. Ол жерде адамдарға гуманитарлық, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қалада Төтенше жағдай тәртібі жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/828608-selden-zardap-shekken-auyl-turghyndary.html