RU

Атырау облысында екі бала әйелді құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тікті

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылындағы Сұрхан (Кобяково) өзенінде суға батып бара жатқан әйелді екі жасөспірім құтқарып қалды деп жазды Ақжайық басылымы.

Әйел жол қысқартпақшы болып, өзеннен жүзіп өткісі келген. Алайда, өзен ортасына келгенде әрі қарай жүзуге әлі жетпей, суға батып бара жатқанын сезген соң, адамдарды көмекке шақырады.

Оның айқайын суға шомылып жүрген екі бала естіп, оған көмекке жүгірген. Бастарын қатерге тіккен екі жасөспірім оны әрең дегенде жағаға алып шықты.

"Балалар ерлік жасады, олар өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан адамның өмірін құтқарды. Олардың біреуі жергілікті, Еңбекші орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ермахан Мадиров, екіншісі Ганюшкино поселкесінен, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Бейбарыс Қайроллаұлы", - дейді Еңбекші ауылдық округінің бас маманы Базарбай Нұрмұхамбетов.

Сонымен қатар Нұрмұхамбетов қазіргі таңда әкімдіктен балаларға салтанатты түрде алғыс білдіріп, сый-сияпат жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/828890-atyrau-oblysynda-eki-bala-sugha-batyp-b.html