RU

Астанада алимент төлемегендер көлік жүргізу құқығынан айырылады

Астанада алиментті қасақана төлемейтіндер ендігәрі жүргізуші құқығынан айырылатын болады деп мәлімдеді Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы Қанат Мусин 24 шілде күні өткен брифингте.

"Біздің департамент алиментті қасақана төлемей жүрген борышкерлердің жүргізуші құқығын тоқтату жөніндегі практиканы зерделеп жатыр. Бұл - қарызы барлар үшін мейлінше әсер ететін тетік. Осындай тәжірибе бұған дейін Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қолданылған әрі тиімділігін көрсеткен болатын", - дейді бүгін брифинг барысында департамент басшысы.

Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда сот орындаушылары алимент төлемей жүрген 1484 елордалық азаматқа Қазақстан аумағынан шығуын шектеу туралы шараларды енгізген.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, тұрғылықты мекенжайын анықтау мүмкін болмайтын алименттік борышкерлерге сот арқылы іздеу жарияланады.

"Жалпы 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында сот орындаушыларының жұмысында жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеден асатын әкімшілік айыппұлды өндіру бойынша 36 мың 779 атқару өндірісінің материалдары болды. Соның ішінде, 1,5 млрд теңгені құрайтын 19 054 құжат қаралды", - дейді басшы.

"Біз әкімшілік айыппұлдарды өндіру ісін белсенді ете түсу мақсатында жол полициясы басқармасы органдарымен тығыз өзара әрекеттестікті қамтамасыз етудеміз. Жол полициясымен бірге қарызы барларды ұстау және олардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қою бағытында бірлескен рейдтік шаралар атқарылуда", - дейді Қанат Мусин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/829752-astanada-aliment-tolemegender-kolik.html