RU

Алматыны жер бетінен жойып жібере жаздаған жойқын 3 сел (фото)

Жақында Алматыда болған селден, абырой болғанда, қаза болғандар жоқ. Дегенмен қалада бұған дейін болған үш сел талайдың өмірін қиғаны құпия емес.

1921 жылдың жазында Кіші Алматы өзені тасып, сел қаланың орталығына дейін жеткен болатын. Селмен бірге құлаған ірі тастардан Алматы қирандыларға айналып, батпаққа батып қалды. Бұл апаттан 500-ден астам адам қаза болды.

"1963, 1973 және 1977 жылдары сел жүрді. Олардың жойқын күші бұрынғы КСРО аймағында болған барлық селдерден асып түсті", - деп жазады өзінің "Очерки истории Алматы" атты кітабында Владимир Проскурин.

Тағы бір жантүршігерлік сел Есік қаласында 1963 жылы болды. Күннің аптап ыстығы селдің жүруіне әкеліп соқтырған.

5-6 сағаттың ішінде бөгет қирап, Есік көлі батпақтың астында қалды. Оның жағажайында демалып жүрген жүздеген адамдарды да батпақ басып қалды.

"Апат жайлы КСРО басшылығы 1963 жылдың 15 шілдесінде Мәскеуде өткен КОКП ОК пленумында апатқа куәгер болған Саяси бюро өкілі Дінмұхамед Қонаевтың сөздерінен бір-ақ білді. Дегенмен жиын барысында бұл мәселенің орнына Қытай Компартиясымен қарым-қатынас мәселесі талқыланды", - деп есіне алды танымал өлкетанушы Владимир Проскурин.

Алайда қаланы 1973 жылы бұдан да жойқын сел күтіп тұрды. Бұл жолы да шілде айында болған апатқа мореналық Тұйықсу көлінің тасуы себеп болған. Таулы аймақтарда күн ысып тұрды, ал маусым айы суық әрі жаңбырлы болды. Мореналық көлдер мен мұздықтарда толассыз қар жауды.

Шілденің басында бірден күн ысып, таудағы қар мен мұздықтар ери бастады. Нәтижесінде моренаның жоғарғы қабаты айтарлықтай дымқылданып кетті.

"Медеу" бөгетіне селдің легі сағат 18:17-де келіп, 3 сағат бойы тасыды. Селдің өтуі барысында 3-4 ірі сел толқыны тіркелді.

Ең ірісі алғашқы толқын болды. Биіктігі 12–15 м және ені 40-50 метрге жеткен толқыннан су жинағыш құралдар бірден толып, 3 сағат ішінде селді ұстап тұратын қойма да толып кетті.

Сел жүріп өткеннен кейін сел қоймасының тек 30%-ы ғана бос еді. Бұл келесі толқынды ұстап қалу үшін тым аз болатын.

Апатты жағдайды жою үшін жедел түрде бөгетті 40 метрге дейін жоғары етіп қалау және 12,6 млн текше метрге дейін жететін жаңа сел қоймасын салу шешімі қабылданды.

Сол күні сел тасқыны "Горельник" турбазасын жермен-жексен етті. Онда демалып жүрген 100-ден аса адам қайтыс болды.

Деректер Владимир Проскуриннің «Очерки истории Алматы» атты кітабынан алынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/830043-almatyda-bolghan-enh-qorqynyshty-ush-sel-q.html