RU

ФИФА президенті Йозеф Блаттерге радиожурналист болу туралы ұсыныс түсті

Британдық «Йоркшир радиосы» Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттерге жұмыс ұсынды, деп хабарлайды Lenta.ru.

«Йозеф Блаттерге келесі жазда оның ФИФА-дағы міндеттемелері орындалғаннан кейін «Йоркшир радиосына» жұмысқа келуді ұсынбақпыз. Соған сәйкес тағылымдамадан өту ұсынысымен хат жолдадық. Ол кезінде қаламы қарымды журналист болған, осы салада еңбек еткен, алайда біраз уақыт бұл кәсібінен қол үзіп қалды. Егер ол радиожурналист болғысы келсе, онда бізден артық жер табылмайды», - дейді радиостанса өкілі Сэм Бриджес.

20 шілде күні Цюрихте өткен баспасөз мәслихатында Блаттер ФИФА президенті қызметінен босағаннан кейін өзін радиода байқап көргісі келетінін дүйім жұртқа жария еткен еді.

Бұған дейін Халықаралық футбол федерациясының атқарушы комитеті кезектен тыс отырыс барысында ұйымның жаңа басшысы сайланатын конгресс 2016 жылдың 26 ақпанында Цюрихте өтетінін қаулы етті.

ФИФА тізгінін 1998 жылы алған Йозеф Блаттер 29 мамырда бесінші мерзімге қайта сайланған болатын, алайда көп ұзамай 2 маусымда жемқорлық төңірегіндегі жанжалға байланысты өз қызметінен кететінін мәлімдеді. Жаңа президент сайланғанға дейін Блатетер ұйым басшысы міндетін атқара береді.

Өткен жылдың наурызында хабар тарата бастаған «Йоркшир радиосы» ағылшындардың «Лидс» футбол клубына тиесілі стадионның маңында орналасқан. Көрермендерге жол тартқанына бір жылдан асқан бұқаралық ақпарат құралында өткен ғасырдың 60 жылдарынан бастап қазіргі заманғы әуендерге дейін ойнайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/830104-fifa-prezidenti-yozef-blatterge-radi.html