RU

Алматыда селден кейін үйіне оралған тұрғындар дүние-мүлкінің ұрланғанын айтты

Алматыда 23 шілде күнгі сел кезінде иесіз қалған үйлерде ұрлық дерегі де тіркелген. Құтқарушылар мен шенділердің назарынан шет қалған бірнеше тұрғын жергілікті әкімдікте айқайға басты деп хабарлайды КТК арнасы.

Жапа шеккен жұрттың біразы әлі көмекке қол жеткізе алмай отыр. Құтқарушылар тоқтаусыз жұмыс істегенімен, тазартылмай қалған көше тұрғындары үйлеріне кіре алар емес. Барлығын  бірдей тазалауға техника жетпей жатыр екен. Сондықтан бірінше кезекте өзен аңғары мен негізгі көшелер балшықтан аршылған.

Сел уақытында жасақталған  №176  мектептегі орындар бос тұр. Үйлерін су басқан жұрт кеше қас қарайғанда кетіп қалыпты. Ол жерде тек 8 адам ғана түнеген. Олар да таңның атысымен өз үйлерінің жағдайын көруге аттанған.

Солардың бірі Камалсейіт Езімбаев. Оның үйі бөгетке жақын орналасқан. Сондықтан сел жайлы ести салысымен баспанасын тастап, қауіпсіз жерге кетіпті. Қайта лай су өзен арнасымен ағып, баспанасы бүлінбеген. Бірақ ішінде тірі жан жоқ екенін білген ұрылар құнды деген заттарды қолды қылған.

"Құнды ішік, алтындар, балаларымның киім-кешектері, өзімнің киімдерім, костюм-шалбар мен көйлектер ұрланған.. Қызымның алтындары да жоқ", - дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Камалсейіт Езімбаев.

Селден кейін апат аймағына қосымша тәртіп сақшылары тартылып, күзет күшейтілгенімен ұрлардың барлығына бірдей олар тосқауыл қоя алмаған сыңайлы. Сұғанақтардың бірін тіпті тұрғындардың өздері ұстап алған.

Ал селден соң бір тәуліктен артық уақыт өтсе де  Құрамыс ауылына не құтқарушылар, не шығынды есептейтін комиссия бас сұқпапты. Ал ауыл іші белуардан балшық.

"Әкімдіктен  келдік деп біреулер келді. Кім екенін  білмейміз, бізге құжаттарын  көрсеткен жоқ жас жігіттер. Машинаға бензинін құйып, әрбір рейсіне 3 мың теңгеден ақша төлейсіздер деді. Біз оған келіспедік", - дейді Алғабас ауылының тұрғыны Нұрхан Ахметов.

Апаттан ақша жасағысы келген пысықайлар барлық су басқан аудандарда төбе көрсетіпті. Көмек келмеді деп ашынған бір топ тұрғын бүгін, 24 шілде де Наурызбай ауданының шенеуніктерін жағадан алуға дейін барды.

Тұрғындардың бірінің айтуынша тазартқыштардың бірі тіпті 25 мың теңге сұраған екен.

Қазір сел зардабын жоюға 1700 адам мен 300-ге тарта техника қызмет етіп жатыр екен. Бірақ бұл аз дейді құтқарушылар. Сондықтан Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды күте тұруға шақырды.

"Адамдардың бір тобы түнгі сағат екіге дейін жұмыс істеді. Екінші топ таңғы 6-да ауысты. Олардың да демалуы қажет. Басты қиындық техниканың аздығында. Біз бірінші кезекте өзен арнасын қалыпқа келтіреміз. Содан соң көшелер мен үйлердің ауласын тазарту жұмыстары қолға алынады", - деді Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Мадияров.

Қазіргі таңда шайылып кеткен 7 көпірді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар 27 электр бағанасын қайтадан орнату қажет. Ал шығын көлемі әлі де есептелуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/830453-almatyda-selden-keyin-uyine-oralghan-t.html