RU

Алматыдағы тұрғын үй бағалары құлдырамайды

Алматыда жылжымайтын мүлік құнының құбылуына әсер ететін факторлар мен тұрғын үй бағаларының түсу мүмкіндігі жайлы Алматы жылжымайтын мүлік базасының сарапшысы Жанболат Жалғасбаев айтып берді.

Бұл туралы "Караванға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Оның айтуынша, Алматыдағы пәтерлер құнының жағдайын сараптау үшін газеттердегі хабарламаларға көз жүгірту аздық болады. "Бұл тек сатушының ниеті, ал баға қаншалықты орынды қойылғаны бөлек әңгіме" дейді сарапшы.

Бағаның құбылуына тұрғын үй орналасқан аудан әсер етеді. Егер Бостандық және Медеу ауданында тұрғын үйдің құнына маусым мен өзге де фактілер әсер етсе, шалғай аудандарда баға тұрақты сақталады.

Сарапшы Алматыда сатушылар мен сатып алушылар арасында жылжымайтын мүлік нарқын ойынға айналдыратындар аз емес деп есептейді.

"Кей кездері олар бағаның шегін табу үшін құнын түсіреді. Алайда пәтерлерін төмен бағаға сата қоймайды. Оңтайлы сәтті күтеді. Үйді салушылар, әрине өздеріне тиімді бағаны ұсынады. Бұдан өзге нарықтың 5 пайызын алыпсатарлар құрайды. Олар ұзақ күтуге тырыспай, тез арада келісімге қол жеткізуді көздейді... Кейін пәтерлерді нарық бағасына сай сатылымға қояды", - дейді Жанболат.

Сарапшының сөзіне сенсек, алыпсатарлар өздеріне тиімді жағдай қалыптастыру үшін әдейі түрлі қауесеттер таратады. Адамдар бұған сеніп, бірден жылжымайтын мүлікке бағаларды өзгертеді. Тезірек сатуға немесе мүлдем сатпауға шешім қабылдайды.

Жанболат күзде Алматыдағы пәтерлерге баға тек өседі деп санайды.

"Маусымнан бастап бағалар түсе бастағаны рас. Мезгілдік фактор әдетте бағаны 5–8 пайызға түсіріп жатады. "Девальвациялық қорқыныштар" да өз әсерін тигізді. Нарық орта есеппен 12 пайызға түсіп қалды", - дейді сарапшы.

Тұрғын үй құнына ипотекалық несиелер де, мемлекеттік бағдарламалар да әсер ете қоймайды деп есептейді Жалғасбаев. Себебі екеуі де тұрғындардың қажеттіліктерін өтей алмайды.

"Еліміздің ең ірі қаласы Алматыда тұрғын үй бағалары түспейді. Бұл жерде қашан да сұраныс бар. Басқа аймақтан келушілер тұрғын үйді бірден сатып алмаса да, жалға алатыны анық. Осылайша үйдің құны түсе қоюы екіталай", — дейді Жанболат.

"Девальвациялық қауесеттердің" де жалға беру бағасына әсер ете қоюы мүмкін емес. Себебі жалақы мен жалға беру теңге арқылы жүзеге асырылуда. Жалдамалы пәтерлер құны жыл мерзіміне қарай құбылып отырады.

Жер құнының төмендеуін де күтудің қажеті жоқ дейді сарапшы. Нарықтағы жағдай оңтайлы емес. Жерлер тек тұрғын үй салу үшін алынып жатыр. Бұдан бөлек олардың саны да шектеулі.

Жанболаттың айтуынша, банктер көптеген кепілдік учаскелер мен пәтерлер алып қойғанына қарамастан, кепілдік мүліктерді нарықта төмен бағаға сата қоймайды. Банктер бұл активтерді асықпай, нарық бағасына сай жүзеге асыратын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/831493-almatyda-turghyn-uy-baghalary-tuspeydi.html