RU

Қорғаушылар Серік Ахметовтің кінәлі еместігін мәлімдеді

Серік Ахметовтің қорғаушылары айыпталушының кінәлі еместігін мәлімдеп, оны қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы арызды кері қайтарып, Серік Ахметовтің қаншалықты кінәлі екендігі негізгі сот барысында анықталатынын айтты.

Тап осындай арыздарды Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов пен "Сарыарқа" ӘКК АҚ бұрынғы басқарма басшысы Ғабит Матаевтың да қорғаушылары берген болатын. Прокуратура өкілдері бұл арыздарды да кері қайтарды.

Сонымен қатар Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтың адвокаттары да қорғауындағы азаматтарды үй қамағынан босатуды сұраған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, облыс пен қала әкімдігінің 21 қызметкеріне қатысты сот қайта жалғасты.

Айыпталушылардың бірі сотқа кішкентай баламен келген.

Бірнеше шенеуніктің адвокаттары «қылмыс құрамы жоқ» екенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды, кей адвокаттар іспен танысу үшін судьядан уақыт сұраған.

Серік Ахметов пен 21 шенеуніктің ісіне қатысты алғашқы тыңдау 27 шілдеде басталған еді.

Экс премьер-министр Серік Ахметов 2014 жылдың қараша айынан бері үйқамақта отыр. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының экс әкімі Мейрам Смағұлов өткен жылдың күзінде қамауға алынған. Оларға қызметін асыра пайдаланды, бюджет ақшасын заңсыз пайдаланды деген айыптар тағылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/833373-qorghaushylar-serik-akhmetovtinh-kinali.html