RU

ТЖК: Талғар өзенінде сел қаупі сақталып отыр

Алматы облысында қазіргі уақытта Талғар өзенінде сел жағдайы сақталып отыр. Сел қауіпті өзен алаптарындағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты бақылауда.

Бұл туралы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

"Басқан, Сарқан, Қорғас, Талғар өзендерінің бойында орналасқан «Қазселденқорғау» ММ-нің 16 гидробекеті берген мәліметке сәйкес, 2015 жылғы 28 шілдеде сағат 07.00-де судың шығыны мынадай: Екіаша елді мекені тұсындағы Басқан өзені суының шекті шығыны секундына 75,4 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 40,8 текше метрді құрап отыр. Ал Сарқан өзені суының шекті шығыны секундына 47 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 32,8 текше метрді құрады. Қорғас елді мекеніндегі Қорғас өзені суының шекті шығыны секундына 260 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 30 текше метрге жетті. Талғар өзені суының шекті шығыны секундына 45 текше метр болса, қазіргі уақытта су шығыны секундына 29,0 текше метрді құрады", - делінген хабарламада.

Сарқан ауданы Екіаша елді мекеніндегі Басқан өзеніне жақын орналасқан Абылайхан көшесіндегі 4 үйдің маңында 18 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді.

Панфилов ауданы Қорғас өзенінің алабындағы №2 Қақпан мұздақ көлі Жетісу Алатауда және Сарқан өзенінің алабындағы Ақкөл көлінде қарқынды келген суды тастайтын гидравликалық түтіктерді төсеу үшін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ұлттық Ұлан Азаматтық қорғаныс полкінің 20 адамы алдын алу іс-шаралары мен Оң Ақсай өзенінің алабындағы мұздақ көлдерінің эвакуациялау арналарын тереңдету үшін келіп жетті.

Талғар, Есік, Түрген, Сарқан, Басқан, Лепсі, Ағынақатты өзендерінің алаптарындағы мұздақ көлдерін, сел қауіпті өзен арналары мен сел тіліктерін және тармақтарын, Ақкөл мұзды кешені мен Жасылкөл көлін кешенді бағалау мақсатында әуеден қарап шығу арқылы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

"Қазіргі уақытта Талғар өзенінде сел жағдайы сақталып отыр.Тәулік бойы кезекшілік жүргізу жалғасуда. Сел қауіпті өзен алаптарындағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты бақылауда". деп атап өтілген хабарламада.

"Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес 28-30 шілдеде ауа температурасының жоғарылауы мен күтілетін жауын-шашыннан Алматы облысының кейбір таулы өзендерінде жаңбырлы су басу қалыптасуы мүмкін және тауларда сел қаупі сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/833645-tzhk-talghar-ozeninde-sel-qaupi-saqtaly.html