RU

Алматы облысында қарақұрт шағып өлтірген баланың анасы дәрігерлерді сотқа бермек

Алматы облысында қарақұрт шағып, уды қайтаратын вакцина ауруханадан табылмай 7 жасар бала көз жұмған еді. Енді осыған жауапты дәрігерлер сотталуы мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.

Себебі жалғыз ұлынан айырылған ана дәрігерлерді кінәлап отыр. Асқынған ауру түгілі, кәдімгі қарақұрттың уын қайтара алмайтын дәрігерлер аудандық ауруханада қызмет етпеуі тиіс деген ана енді оларды шетінен сотқа бермекші.

Жалғыз баласын жер қойнына тапсырғалы айдан асса да Гүлжаһан Асанова ауыр қайғыдан әлі айықпаған. Қаралы күннің куәсі болған бөлмені де сол бос күйінде қалдырыпты. Баласының киім-кешегі, оқыған кітаптары, ұсақ ойыншықтарына дейін тастамай сақтап отыр. Ұлы Айтбектің балғын өмірінің соңғы сәтіндегі жан қиналысы оның әлі көз алдында.

"Бала барғанша жаны қиналып, өзінің алдындағы тісін жұлып тастапты. Оны медбике айтты. Содан кешке жақын жаны қиналып жатқанда астыңғы тісін жұлқылады. Айтбек, не болды десем, «мама, шыдамай бара жатырмын» деді. 53:5-де дәрігерлер қазір жақсы, кішкене ұйықтап жатыр деді. Сөйтсем, сол мезетте балам кетіп қалған екен", - дейді Айтбектің анасы Гүлжаһан Асанова.

Айтбекті қарақұрт өзен маңында шаққан. Балалармен шомылып жүргенде кенет ышқырынан қап-қара өрмекші шығып, қаша жөнеліпті. Денсаулығы лезде әлсіреген баланы ауыл адамдары ауруханаға жеткізген. Тек, екі күн төсек тартып жатқан кішкентай Айтбекті ақ халаттылар құтқара алмады. Содан бері дәрігерге әбден өшіккен ана бүгін де оларды көре сала айғайға басты.

Қарақұрт уын дер кезінде қайтара алмағанын дәрігерлер мойындап отыр. Айтуларынша, вакцина аудан бойынша табылмаған. Сөйтіп, жан-жақтан сұрастырып жүргенде уақыт өткізіп алыпты.

"Енді бала жатты, біз мойындаймыз. Бізде бірінші күні келген кезде қарақұртқа қарсы дәрі болмады. Бірақ, баланың жағдайы ауыр болды.Дер кезінде керекті симптоматикалық емнің бәрі жүргізілді. Облыспен де сөйлестік, бала тасымалдауға жарамады", - дейді Ақсу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары  Тұрымбай Байқадам.

Топ-тобымен жүріп, бір амалын таба алмаған дәрігерлерге қаралы ананың өкпесі қара қазандай. Сондықтан біліксіз мамандар қызметте қалмауы тиіс дейді ол.

Қолдан келген көмектің бәрін жасадық деген аурухана басшылығы өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деп отыр. Алайда, қайғыдан қара жамылған Гүлжаһан Асанова оларды бәрібір кінәлі деп санайды. Тіпті, түрмеге қамату үшін Бас прокуратураға арыз жазбақ.

Еске сала кетсек, осыған дейін 7 жастағы ойын баласын қарақұрт шаққанда Ақсу аудандық ауруханасында қарапайым у қайтаратын вакцина болмай, салдарынан кішкентай Айбек екі күн бойы ауру азабын тартып, ақыры дәрігерлер «сыворотка» деп аталатын сарысуды тапқанша жан тапсырғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/833841-almaty-oblysynda-qaraqurt-shaghyp-olti.html