RU

ОҚО-да 500-ге жуық кәмелетке толмаған жеткіншек ана атануға дайындалуда

Оңтүстік Қазақстан облысында ең жас ана 14 жаста. Тағы 500-ге жуық кәмелтеке толмаған жеткіншек ана атануға дайындалып жатыр.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

15 жастағы Айгүл өзінің жастығына қарамастан бүгінде үш баланың анасы атанып отыр. Алғашқы баласын 13 жасында дүниеге әкелді. 5 жыл бұрын Айгүлдің отбасы Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген болатын.

Айгүл жағдайы төмен отбасында тұратындықтан, тек 4 сыныпты ғана бітіре алған.  Қазір ол балаларымен бірге кризистік орталықта тұрып жатыр.

"Мен 13 жасымда жүкті болып қалдым. Ол туралы тек жүктіліктің 7 айында білдім. Ата-анам маған кінә артпай, бұл жағдайды сабырмен қабылдады", - дейді Айгүл.

"Аналар үйі" дағдарыстық орталығының тағы бір тұрғыны -  18 жастағы Анастасия. Ол 16 жасында жүкті болып қалған. Ішімдікке салынған ата-анасы қызын сол үшін үйінен қуып шыққан екен.

Бүгінде аталмыш орталықта тағы 4 кәмелетке толмаған ана тұрып жатыр. Ал гинеколог мамандар болса 12-13 жаста жүкті болу мүмкін емес деген пікірді алға тартты.

"Әлі етеккірі де келмеген, жыныстық тұрғыдан дамып үлгермеген 12-13 жастағы жеткіншектердің жүкті болуы мүмкін емес. Жеткіншек әлі жетіліп үлгермеген, жыныстық тұрғыдан да есеймеген. 15 жастан жоғары болса, әбден мүмкін", — дейді акушер-гинеколог Уриляш Орманова.

Десек те Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең жас ана 14 жаста. Ал кәмелетке толмаған аналардың саны 500-ге жетеді. Қоғам белсенділерінің сөзіне сенсек, олардың көбі жағдайы төмен отбасыдан шыққандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/835278-oqo-da-500-ge-zhuyq-kameletke-tolmaghan-zhet.html