RU

Селден зардап шеккендер табиғи апаттан бір апта өткеннен кейін қалай тұрып жатыр? (фото)

Алматының Наурызбай ауданында сел жүргеннен кейін бірталай өзгерістер орын алды. Көшелерді және тұрғын үйлерді басып қалған батпақ біршама тазартылған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Селден көліктерді аударып әкеткен Қарғалының орталық бөлігінде жағдай тұрақталып қалды.

Бірақ тұрғындар бақшаларында әлі батпақ тазартылмағанына және тіпті кеуіп үлгергеніне алаңдаулы. Жарық, газ және су да қосылмаған. Бұл жайсыздықтарға және көшеге тараған жағымсыз иіске шыдамаған тұрғындар басқа үйлерге көшіп кеткен.

Көшелерде тізеңнен батпаққа кіріп кетуден қорықпай жүруге болады, дегенмен көп үйлер қақпасыз қалыпты.

Чапаево ауылындағы "Саудабай" мейрамханасының қасында еріктілер штабы құрылған. Бұл орынды таңдауға осы жерден өтіп жатқан Қарғалы өзенінің айналасын айтарлықтай қиратып кеткені себеп болған. Бұл аймақта сел басқан №192 мектеп те бар. Оның ауласын толықтай тазартып үлгерген.

Еріктілер штабында тұрғындар кез келген көмекті сұрай алады. Мейрамханада азық-түлік пен сусындар, тазарту жұмыстарына қажет күрек, етік, ыдыс-аяқ сияқты түрлі керек-жарақтар таратылады.

Мұнда тегін көмектесуге ниеттілердің көліктері тұрақты түрде ағылып, келіп жатады. Мәселен "Қалқаманнан" келген Серік есімді азамат су мен ыдыс-аяқтар алып келген. Ол мұны жүргенінің қалауымен істеп жатқанын алға тартты.

Бұл жерде Қазнетте танымал болып үлгерген "Қонжық" Диас та жүр. 12 жастағы жеткіншек аталмыш аймақтан жақын жерде тұрады екен. Ол ересектерге қол ұшын беру үшін бұл жерге күнде келеді.

"Өзім барып, көмектескім келді. Ата-анам "жарайсың" деп бұл ісімді қолдады. Мен бұл жерде таңертеңнен кешке дейін су, тамақ және өзге де қажетті заттарды тасып, көмектесемін", — дейді Диас.

Диастың үйі де екі өзеннің қақ ортасында орналасқан екен. Сол түнде ол отбасымен үйде болып, тек таңғы бесте қауіпсіз жерге шыға алған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Үйі де аман қалған.

— Сені неге "Қонжық" деп атайды?

— Білмедім, әйтеуір тау қонжығы аталып кеттім.

Жақында өзге балалар да жүгіріп жүр. 10 және 12 жастағы Әділжан мен Ильхам үйде іштері пысқасын осында көмекке келгендерін айтуда. Олар да зардап шеккендерге қажет заттарын тасуға көмектесуде.

Еріктілер ретінде келгендердің қарасы көп. Блогерлер, компания қызметкерлері, банкирлер, тіпті отбасын түгел жинап келгендер бар. Барлығы өз үлесін қосуға тырысып жатыр.

"Адамдар, ұйымдар келіп жатыр; ірі супермаркеттер, мейрамханалар азық-түлік таратуда. Жеке еріктілер, блогерлер, отбасымен келгендер азық-түлік тасып, сарбаздарды, жұмыс жасап жүргендерді тамақтандырады. Әскерилер өзен арнасын тазалауда. Біздің міндетіміз, келген еріктілерге жұмыстарды бөліп, күшті тиімді жұмсауға мүмкіндік жасау. Мұнда әлеуметтік көмек бөлімі және аудандық әкімдік бар. Сонда тұрғындарды қабылдап, қажет құрал-саймандарды тізім бойынша таратамыз", — дейді еріктілер штабының басшысы Назар Балғымбаев.

Суды үлкен шөлмектермен таратып қана қоймай, көшелерді су тасушы көліктер аралап жүр. Әр тұрғынға күніне екі рет су таситын көлік келіп, тұрғындар қажетінше су толтырып ала алады. Балғымбаевтың айтуынша, судың сапасын СЭС тексеріп, цистерналар тазартудан өткізіліп тұрады. Дегенмен тұрғындар бутилденген суды пайдаланғанды жөн көреді екен.

"Адамдар тіршілік барысында пластик құтыдағы суға үйреніп қалған. Тіпті мынау керек емес, "Тассайды" беріңіздер дейтіндер де бар", - дейді штаб басшысы.

Бұл сөздерді "Қызыл жарты ай" ұйымының логисті Руслан Хрущев те растап отыр.

"Әкімдік су береді, әр үйге су тасығыш көліктер келгенімен, адамдар ол суды алғысы келмейді. Аузы бекітілгенін алғысы келеді, бұл дұрыс емес. ТЖ болғанда көпшілік үрейге беріледі. Кейбір зардап шекпеген тұрғындар да алып кетіп жатады. Кейбір мәселелер бойынша келіспеушілік анда-санда орын алғанымен, жағдай тұрақты", - дейді ол.

Бастапқы екі күнде суды бір адамға 5 литрден таратқан. Енді бір үйге екі беслитрлік су таратылады. Руслан жарық пен газдың және судың жақын арада қосылатынын алға тартты.

"Біздің әріптестерге көмек бермесеңдер атып тастаймыз деп қоқан-лоқы көрсеткендер болды. Біздің "Газель" өзге жерге көмекке шыққанда жарты жолда таласып, жібергісі келмей жолды жауып алғандар да болды. Қазір жағдай әлдеқайда тыныш" — дейді Руслан.

Русланның сөзін келесі көмек сұрап келгендер растап бергендей болып көрінді.

— Басқа бере алмаймыз.

— Менде сарбаздар, адамдар көп.

— Сарбаздарға жеке азық-түлік беріліп жатыр.

— Менде адамдар көп.

— Бере алмаймын, сіз онсыз да 4-еу алдыңыз. Бір үйге тек 2 алуға болады.

— Маған төртеу аз.

— Ертең бере аламыз. Су тасығыштар да келеді ғой.

— Ол суды ішкім келмейді.

— Көрдіңіз бе, — дейді Руслан Nur.kz тілшісіне.

— Сонда келесі күндері не істейсіңдер!

— Қалаға кетемін.

— Сонда бүгін қалаға неге кете салмайсыз?

— Шаршадым.

— Онда ертең барыңыз.

— Ертең де барғым келмейді, бұл жер жақынырақ …

Бүгінгі селден зардап шеккен аймақта жағдай осындай болып шықты.

"Егер адамдар шыдамдылық, сабырлық танытып, мейірімді болса бәрі де тез шешілетін болады", - дейді Назар Балғымбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/835432-selden-zardap-shekkender-tabighi-apatt.html