Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мүмкіндігі шектеулі жандар үлкен спортта (фото)

Опубликовано:

Алматыда шілде айының соңғы бес күнінде Азиядағы тірек қозғалысы зақымданған спортшылар арасында Пауэрлифтинг-2015 жарысы болып өтті. Мүмкіндігі шектеулі қазақстандық спортшылармен NUR.KZ тілшісі тілдесіп келген болатын.

Азия чемпионатына 30 елден 200-ге жуық спортшы қатысты. Бұл ойындарға қатысқан спортшыларға Рио-2016 паралимпиадалық жарысына лицензия алуға мүмкіндік беріледі.

Әбдіхалықова Гүлбану осы жарыста қола медаль иеленді. Оның қазіргі мақсаты - Рио-2016 Паралимпиядалық ойындарына қатысу. Ол осы спорттың түрімен соңғы он жылдан бері айналысып келеді.

"Мен өзімнің денсаулығым жайлы айтқым келмейді. Қайғылы жағдайдан кейін қатты күйзеліске ұшырадым. Ол менің туыстарым мен достарыма өте ауыр болды. Несін айтамын? Өмір - күрес. Тек жеңіске ұмтылумен келемін. Спорт жан сарайымды жақсартты деп айта аламын. Өмірімнің қуанышы. Әрі жүлделі болған кездерде тіптен өзімді бақытты сезінемін", - дейді Гүлбану Әбдіхалықова әңгіме барысында.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттықтырушысы Денис Орлов бұл азаматтардың спортпен айналысуының өзі он екі мүшесі түгел азаматтарға үлгі боларлықтай деген ойда.

"Бізде әйелдер жағы еңбекқор. Әрі нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Тіпті дайындық жаттығуларының өзінде бар ойы мен жігерін жұмысына салады. Осыдан кейін болар, нәтиже бар. Олар психологиялық тұрғыда өте бай. Тіпті кей спортшыларым әзілге тіптен жақын деп айта аламын. Жаттығуларымыз ойын-күлкімен өтеді. Қойшыбаева Раушан Алматыдағы жарыста күміс жүлде иемденді. Раушан жасы енді жиырмадан асқан кезде теміржол апатына ұшыраған. Содан бері қос аяғы тізесінен жоқ. Бірақ ол өзін өте бақытты санайды. Тек өмірден түңіліп, күйзеліске түсуден қорқады", - дейді Денис Орлов.

"Менің үмітім үш баламда. Тек қана спорт емес, отбасымның шаруасы да менің қолымда. Балаларыма үлгілі тәрбие бергім келеді", - дейді Раушан.

Раушан осыдан біраз жыл бұрын өзі сияқты тағдырдың қиындығын бастан кешірген мүмкіндігі шектеулі азаматпен отау көтерген.

Бүгінде қос спортшы өздерін "Қазақстандағы бақытты отбасылардың біріміз" деп отыр.

Олар ойын арасында 30 шілде күін алаңда өнер көрсеткелі отырған "Қайрат" футбол командасының мүшелерімен кездесіп, сәттілік тіледі.

"Жігіттер, өздеріңізден тек жеңіс күтеміз. Ойында сәттілік жолдастарыңыз болсын. Барып, қадағалап қарайтын боламыз", - деп күлді Раушан Қойшыбаева.

30 шілде күні әлемнің 30 елінен келген спортшылар жүлделерін алып, өз отандарына қарай жол тартады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/835933-pauerlifting-2015-zharysynda-qazaq-sportsh/

pixel