RU

Қазақстандық делегация Алматының не себепті Олимпиада өткізуге лайық екенін айтты (фото, видео)

Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Халықаралық Олимпиада комитетінің 128-ші сессиясы өтуде. 2022 жылғы қысқы Олимпиаданың астанасы таңдалатын жиында алғаш болып Алматы қаласының тұжырымдамасы таныстырылды.

Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Жиынды Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах ашып,  қазақстандық делегацияны құрметпен сахна төріне шақырды.

Жалпы алғанда, Алматының тұжырымдамасын премьер-министр Кәрім Мәсімов, Сыртқы істер министрі  Ерлан Ыдырысов, өтінім беру комитеті басшысының орынбасары Андрей Крюков, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен мен Карина Ұзыровалар таныстырды.

Таныстырылым барысында Алматының Олимпиада өткізуге ең қолайлы қала екені, қала инфрақұрылымы 2022 жылға дейін барлық қажетті спорт ғимараттарымен толығатыны айтылды.

Одан бөлек, Алматыдағы табиғи қар мен тау Олимпиада кезінде спортшылар үшін өте ыңғайлы болатыны ұмыт қалған жоқ. Негізінен, қысқы Олимпиада ойындарында қардың тапшылығын көрген қалалар аз емес. Бұл тұрғыда Алматыда қиындық болуы мүмкін емес.

Таныстырылым барысында Ахметжан Есімовтің ағылшын тілін аз да болса меңгеріп қалғаны байқалды. 2011 жылы Азия ойындарының жабылу салтанатында ағылшын тілінде нашар сөйлеген әкімнің ХОК жиынына дайындалып барғаны көрініп тұр.

"Қазақстан әлем үшін ешқашан жабық болған емес. Жібек жолы арқылы да Қазақстанның тарихын көз алдарыңызға әкелсеңіздер болады. Бүгінде елде 130-ға жуық ұлт пен ұлыстар тұрып жатыр", - деді таныстыру кезінде сөз алған Ерлан Ыдырысов.

Денис Тен мен Карина Ұзырова спорттағы қадамдарын еске алып, барлық спортшыларды Алматыға шақырды.

Ұйымдастырушылар Алматыдағы спорт ғимараттарының бір-біріне өте жақын орналасатынын, таудағы және қаладағы нысандардың қашықтығы 30 шақырымнан аспайтынын, бұл өз кезегінде спортшылар мен Олимпиада қонақтары үшін өте ыңғайлы екенін басты назарда ұстады.

Таныстырылым аяқталған соң, Куала-Лумпурге Алматының өтінімін қолдауға барған спортшылар өз пікірлерімен бөлісті. Бокстан Олимпиада чемпионы, Вэлл Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиев Бейжіңнің таныстырылымы ұзағырақ болғаныман, Алматы қысқы ойындарды өткізуге лайық қала деді. Бұл туралы Vesti.kz жазады.

"Бәрі де біз ойлағандай болды. Ешқандай тосын жағдайлар тіркелген жоқ. Біздің делегация түгелдей ағылшын тілінде сөйледі. Ал Бейжің өкілдері негізінен қытайша сөйледі. ХОК мүшелері бұл жағын да қарастырады деп ойлаймын. Презентация аяқталған соң, Кәрім Мәсімов барлығы сәтті өткенін айтып, құттықтады. Әрине, Қытайдан келген өкілдер бізге қарағанда атақтырақ шығар. Бірақ, жарыстың географиясы мен мүмкіндігін қарастырар болса, Алматы Олимпиадаға әбден лайық", - дейді Сәпиев.

Ал сноубордтан Сочи Олимпиадасына 5-ші орын алған Юлия Галышева болса, қатты қобалжып тұрмағанын айтқан. Ол Алматының Олимпиада астанасы атанатынына аса сенімді.

Мәнерлеп сырғанаушы Карина Ұзырова болса, Алматыда Олимпиада өткізуге барлық жағдай жасалған деп есептейді.

"Бұл біздің екінші өтініміміз. Сондықтан, Олимпиада өткізу үшін бізге сенім білдіреді деп үміттенемін", - деді Карина.

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен Алматының осыдан 17 жыл бұрынғы қала еместігін, бүгінде спортшыларда жаттығу үшін мүмкіндік мол екенін айтты.

«Меніңше, жеңіске біржақты қарау дұрыс емес. Біз осында жиналып отырмыз, оның өзі біз үшін жеңіс. Спортшы ретінде мен бүгін жеңіске жетіп отырмын. Мына залда спортқа бар ғұмырын арнаған адамдарды көріп отырмын.

Мен балалық шағымда өте белсенді болдым, тхэквондо, акробатикамен шұғылдандым. Алайда алғашқы медалімді хорда ән айтқан кезімде алдым. 5 жасымда коньки тебе бастадым. Қазақстанның қысы қатал, қар қалың түседі. Бізде стадиондар, мұз айдындары жеткілікті, сондықтан да біз еркін жаттыға аламыз», - деді өз сөзінде Денис Тен деп жазады bnews.kz.

Спортшының пікірінше, Олимпиаданы Алматыда өткізу Қазақстан үшін өте маңызды.

Жеңімпаз қала түскі сағат 15:30-да анықталмақ. Олимпиада астанасын таңдауға ХОК-тың 85 мүшесі қатысады. 2022 жылғы Олимпиада астанасын анықтайтын сәтті KazSport арнасы тікелей эфирден көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/836459-kuala-lumpurde-2022-zhylghy-olimpiadany-ot.html