RU

Қысқы олимпиада ойындарын өткізу құқығынан айырылған Алматы туралы әлем баспасөзі жарыса жазуда

Официальная олимпийская эмблема
Иллюстративное фото: Kyodo News Stills / Getty Images

Әлем баспасөзінде 2022 жылғы қысқы олимпиада ойындарын өткізу құқығын иеленуде Қазақстан неліктен Қытайдан ұтылып қалды деген сұраққа қатысты алғашқы болжамдар жариялана бастады. Бұл – қысқы спорт түрлерінен аса ірі халықаралық жарыстар өткізу мәртебесіне таластағы Қазақстанның екінші жеңілісі.

2022 жылғы қысқы олимпиада Қытайда өтетінін естігенде Бейжің орталығы шат-шадыман күйге бөленді. Алматы орталығына жиналғандардың көңілі жабырқап, кейбірі көзіне жас алды.

Бұдан ертеректе Алматы қаласы бәсекелесі – ресейлік Сочиден жеңілген. Қазақстан мен Қытай арасындағы бұл жолғы талас кезінде қилы болжамдар айтылды. Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен халықаралық олимпиада комитетінің шешуші отырысы қарсаңында Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін «адам құқығын жиі бұзады, әсіресе лесбилер, гейлер бисексуал және трансгендерлерге (ЛГБТ) төзімсіздік танытатын ахуал қалыптасқан» деп сынаған.

Америкалық Newnownext веб-сайты бұл сұрақты «Олимпиада өткізу үміті ақталмаған гомофоб Қазақстаннан Қытай қаншалықты артық?» деген мақаласына тақырып ретінде алған.

Веб-сайт халықаралық қоғамдастықтың мұндай сынына Сочиде қысқы Олимпиада өткізуге үміткер болып, кейін құрметті мәртебені иеленген Ресейдің де ұшырағанын ескертеді. "Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылдан бері қылмыс болып саналмағанымен, ЛГБТ өкілдері әлі күнге дейін қорқыныш пен үрей, зорлық-зомбылық, кемсітушілік пен қатыгездікке толы ортада өмір сүруге мәжбүр", - деп жазады сайт.

Бірақ олимпиада өткізу мәртебесін алған Қытай астанасы бұл мәселеде Алматы қаласынан қаншалықты артық?

Newnownext веб-сайтының жазуынша, гомосексуалистердің көбі Ресейден өздерін еркінірек сезінетін Бейжіңге қашқан. Қазір шамамен 200-500 адам Бейжіңді паналап, Ресейдегідей қатыгез шабуылға ұшырау қаупінен құтылған.

Бірақ құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, Қытай адам құқығын бұзу проблемасы жағынан Қазақстаннан қалыспайды. Human Right Watch ұйымы халықаралық олимпиада комитетінің 2022 жылғы олимпиаданы Бейжіңде өткізу шешімін сынаған.

Сentralchronicle веб-сайтының жазуынша, Human Right Watch ұйымы өкілі София Ричардсон «Олимпиаданың «Шапшаңырақ, биігірек, күштірек» ұраны Қытай үкіметінің азаматтық қоғамға шабуылын тамаша сипаттайды. Рекордты мерзім ішінде көптеген бейбіт белсенді күшті қысымға ұшырап, қамауға алынған» деп мәлімдеген.

Moscow Times газетінің жазуынша, олимпиада өткізу мәртебесіне таласта Алматының Бейжіңнен жеңіліп қалғаны туралы жаңалықты Қазақстан қоғамы екіұдай сезіммен қабылдаған. Алматының орталық алаңында жиналған қала тұрғындарының кейбірі қамығып, көзіне жас алған, бірақ әлеуметтік желілерде ел билігінің орасан күрделі әрі шығыны көп жобаларға әуестігін мысқылдаған сарказм да аз болмаған.

Ал Куала-Лумпурдан жеткен сүйінші хабар Бейжіңдегі жұртты шат-шадыман сезімге бөлеп, жаппай салтанатқа ұласқан.

Сhannelnewsasia веб-сайтының хабарлауынша, Қытайдың бас газеті «енді әлем жұрты мұндай ауқымды шараны Бейжің өткізе ала ма деп алаңдамаса да болады» деген мақала жариялаған. «Жэминь Жибао» газеті «Қытай кез келген уәдесін толық орындайды» деп жазады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/838523-qysqy-olimpiada-oyyndaryn-otkizu-quq.html