RU

Алматылық депутат "Тақиялы періштенің" жалғасын түсіріп жатыр (фото)

Алматы облысына  қарасты Қызыл әскер елді мекенінде «Тақиялы періште-2» лирикалық-комедиялық фильмі түсіріліп жатыр. Бұл туынды 48 жыл бұрын Ш.Айманов түсірген фильмнің жалғасы дейді жоба жетекшілері.

Мұнда «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған Әбілғазы Райымбеков  орта жасқа келіп қалған немересіне жар іздейді. Келін іздеу барысында болған түрлі оқиғалар желісі қазіргі Қазақтардың арасында қалыпты жағдайға айналған біраз мәселені әжуә ете отырып ұрпақты тәрбиелеуді көздейді дейді фильмнің бас продюсері  Құсман Шалабаев.

Қызыл әскер ауылындағы түсірілім барысын NUR.KZ тілшісі тамашалап қайтқан еді.

«Тақиялы періште-2» фильміне Қызыл әскер ауылының тұрғындары да түсіп жатыр екен.  Бүгінгі түсірілімде Тайлақ атаның немесересіне достары келін түсіріп береді. Ал жиналып отырған ауыл адамдары сол кезде сүйінші хабарды ақсақалға жеткізуге асығады.

Ал Тайлақ атаның жұбайы Айша апаның рөлінде Роза Әшірбекова.

Ал қарапайым отбасының Құдай қосқан жанашыр әрі өте пысық көршісі Назгүлдің образын  Шынар Жанысбекова сомдайды.

Тайлақтың рөлінде Әбілғазы Райымбековтың өзі.

«Маған бұл жігіттер екі жыл бұрын хабарласып, осындай жоспарымыз бар, ақсақал қалай қарайсыз деген болатын. Мен бірден келістім. Арада біраз уақыт өтіп кетті. Мен тіпті бұл  жоспар жайлы ұмытып та кеткен едім. Жақында хабарласып, ата, киноны түсіретін болдық. Босасаңыз, киім алып дайындалайықдеді. Содан қайтадан бәрін есіме түсіріп киноны түсіруге кірісіп кеттік», - деп күледі Әбілғазы ата.

Киноның ауылдағы эпизодтары түсіріліп жатқан үйдің қожайындары да ойламаған жерден актер болып кеттік дейді. Мысалы, Дәржігүл Естаева Тайлақ атаның немересіне қыз айттырып барғанда құдағидың рөлін сомдапты.

«Мен жаңағы құдалыққа баратын кісілермен бірге жүрдім. Стол басында айтатын бір үш сөйлем сөзім болды. Басында күліп қоя бердім. Қызық екен өзі. Әйтеуір түсірілім басталған кезде керегіндей етіп айтып бердім ғой», - деп күледі апа.

Ал Дәржүгіл апаның күйеубаласы Серік Егіншібаев өмірде жол полициясы болып қызмет етеді екен. Ойламаған жерден ақ халат киіп, дәрігер болып кеткен.

"Мен бұл кісілерден полицияның рөлі жоқ па деп сұрадым. Сөйтсем дәрігер керек дейді. Мейлі деп киініп алдық. Енді қаншалықты қабілетті екенімізді фильм жарыққа шыққанда көрерсіздер", - деді Серік Егіншібаев.

Тайлақ атаның оқыған, замануи немересі Аңсарға жолдастары қара нәсілді қызды келін етіп түсіріп береді. Бұл алғашында әзіл ретінде ұйымдастырылғанымен, Тайлақ ата мен жары  Айша шын қабылдап, ауруханадан бір ақ шығады.

Бұл фильмге продюсері Құсман Шалабаев біраз уақыт режиссер іздепті. Ақыры түсірілім басталып кеткеннен кейін таңдауы Найзабек Сыдықов есімді қырғызстандық азаматқа түсіпті.

«Мен Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» фильмін өте жақсы көремін. Шатаспасам, соңғы рет үш жыл бұрын көрдім ол киноны. Енді елдің назарына сапалы дүние ұсынуға бар күшімізді саламыз. Бүгін түсірілімнің үшінші күні. Актерлер де өте қарапайым. Ойын қалжыңды араластыра отырып, жұмыс жақсы жүріп жатыр. Тайлақ атаның өзі жасы 80-нен асқанымен, ширақ. Ешқандай қиындық жоқ», - дейді.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев бұл фильмнің жалғасын түсіру  керектігі жайлы 2013 жылы ойлағанын айтады.

«Қазір біздің заманымыз бұрынғылардың көзімен қарағанда оғаш көріністерге толы. Мысалы тіл мәселесінде, отбасын құру жағында. Қазір бізде де қыздар мен жігіттер еуропалықтар сияқты 40 жастан асқанда отау көтеру жайлы ойлана бастайды. Болмаса, азаматтық неке деген қарапайым жағдай болып қалды. Өзге ұлттық өкіліне тұрмысқа шығып, келін түсіру үйреншікті жағдайға айналды. Біз осылар кетеберетін болсақ таза қанымызды қалай сақтамақпыз? Міне осындай мәселелердің бәрін ойын-шынын араластыра отырып, көрермен назарына ұсынғымыз келеді. Бұйыртса, күзден бастап еліміздің кинотеатрларынан көрсетеміз деп отырмыз», - дейді «Тақиялы періште -2» фильмінің бас продюсері Құсман Шалабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/839100-almatylyq-deputat-taqiyaly-perishteni.html