RU

Танымал КВН-шы астаналық мейрамханаға 1,5 млн теңгеге қарыз болып қалды

Астаналық кәсіпкер әрі ресторатор Егор Кочетов  Қазақстанға танымал КВН-ші Нұржан Бейсеновті аса ірі көлемдегі қарызын өтемей жүргені үшін айыптады.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Кәсіпкер Кочетовтің айтуынша, 2014 жылдың қарашасында танымал шоумен әрі актер, КВН Қазақстан жоғары лигасының жетекшісі Нұржан Бейсенов одан 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қарыз алған. Ол қарызын кәсіпкердің мейрамханасында шоу-бағдарламаларды жеңілдікпен өткізу арқылы өтемек болған.

«Мейрамханадағы мереке басталар кезде мен шоу-бағдарламаның мүлде болмайтынын естідім. Өйткені Нұржанның басқа да жоспарлары көп болып шықты. Жаңажылдық кештер көп өтетін желтоқсан айында маған шоу-бағдарлама табу қатты қиын болды. Тіпті біраз жүйкемді құрттым», - деп жазады ресторатор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кәсіпкердің айтуынша, КВН-шы Нұржан Бейсенов оған қарызының жартысынан да аз бөлігін қайтарған.

Телефон тұтқасын айына бір рет қана көтеретін КВН-шы кейін берем деген уәдесімен кәсіпкерді шаршатқан көрінеді.

Енді кәсіпкер Егор Кочетов Бейсеновтің үстінен арыз жазатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/839280-astanalyq-kasipker-tanymal-akterdi-q.html