RU

Ақтөбелік қалыңдық той алдында күйеу жігітін пышақтап өлтірді

Ақтөбе қаласында тұратын бойжеткен өзі тұрмысқа шығуға дайындалып жүрген жігітті пышақтап өлтірді. Бұл туралы сотталушының адвокатына сілтеме жасаған Times. kz хабарлады деп жазады ras.kz.

Ақтөбе тұрғынына бұрыннан кездесіп жүрген жігітін өлтірді деген айып тағылып жатыр. Алайда, бойжеткен өзін жігіт зорламақ болған соң, қорғану мақсатында пышақ жұмсадым деп ақталуда.

Сотталушы Эльмираның айтуынша, Жоламан оны зорлауға әрекет жасаған. Ол қарсыласып жатып, автокөлік орындығының  қаптамасынан пышақ тауып алады. Кейін  пышақпен  жігітті қатты ұрып жібереді. Соққының қатты болғаны сондай, ол артерияны тесіп өтеді.

Айыптау жағы марқұм мен сотталушы машинаның ішінде қатар отырған, ешқандай да зорлық әрекеті болмаған деп отыр.

«Іс бойынша екі сараптама жасалды. Екеуі де Астанада жасалды. Екеуін де бір комиссия атқарды, тек топтардың басшылары ғана екі түрлі болды. Сараптамалар бір-бірлеріне мүлдем қарама-қарсы нәтижелер көрсетті. Енді үшінші сараптама қыз бен жігіттің қандай қалыпта отырғандарын анықтауы тиіс. Сол сәтте жігіт қыздың үстінде жатты ма, әлде қатарласып отырды ма, осыны анықтаудың маңызы зор», – деді сотталушының қорғаушысы.

Алайда, қаза тапқан жігіттің туған-туыстары өз ұлдарының  барынша салқынқандылықпен өлтірілгенін және қыздың жанында тағы бір адамның болғанын алға тартады.

«Менің ұлым машинада бір жарым сағат қансырап жатқан. Ауруханаға жеткізілген кезінде оның миының жартысы өліп кеткен. Балам комада бір апта жатып, қайтыс болды. Шын мәнінде олар машинаны ұлыммен бірге жағып жібермекші болған. Бензобактың торынан жағылып, сөнген сіріңкенің талшығы табылды. Мұндай қылмысты Эльмираның бір өзі істей алар ма еді? Мен 1 жыл, 8 ай бойы әртүрлі инстанция жағалап жүріп, қыздың тергеу оқшаулағышына отырғызылуына қол жеткіздім. Осы жерде Эльмираны үш бірдей адвокат қорғап жатыр. Маған десе, он болсын тіпті! Мен бәрібір осы қыздың түрмеге қамалуына қол жеткіземін. Мен күн сайын баламның суретіне қараймын да, жылаймын. Мен өлімнің себебі қызғаныш болды деп есептеймін. Жоламан бір кездері Эльмирамен кездесіп жүрген, кейін Жайнаға үйленетін болып шешті. Олар тойға да дайындалып жатыр еді», – дейді Жоламанның анасы.

Биылғы 27 шілдеде Жоламан 25-ке толатын еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/839548-aqtobede-qalynhdyq-toy-aldynda-kuyeu-zh.html