RU

Алматы зообағына Италиядан Лола есімді әнші маймыл әкелінді

Алматы зообағы сиаманг тұқымды жаңа маймылмен толықты. Лола есімді ұрғашы маймылдың жасы сегізде.

Италияның Неаполь зообағынан әкелінген жануар бір ай бойы карантин бөлімінде жатты. Әбден үйреніскен соң оны тоғыз жыл бұрын Котсфолдтан әкелінген Малуку есімді маймылдың жанына апармақ.

«Лола қазір жаңа мекенге үйреніп қалды. Салмақ қосып келеді. Қазір зообақ қызметкерлерімен ойнай бастады. Карантиннен кейін ол тордың ішінде тура бір оңтүстік Азияның джунглиінде жүргендей ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Неаполь мамандары бұл маймылдың мінезі өте қияңқы екенін айтқан. Бірақ бөлімнің меңгерушісі Шолпан Әбдібекова маймылмен достасып кетті», - деді баспасөз хатшысы Михаил Сорокоумов.

Мамандардың айтуынша, бұл приматтар бөліміне әкелінген 6-шы маймыл. Сиаманг өз тұқымдастарының ішіндегі ірілеуі, әрі салмақтысы деп атауға болады. Бойы 75-60 см болса, салмағы 8 кг-нан 13 кг-ға дейін жетеді.Әдетте жеміс-жидекпен, жапырақпен қоректенеді. Кейде құс жұмыртқаларын да жеп жатады.Оларға үнемі су керек.

Әнші жануар болып танылған бұл маймылдар көмеймен ән салады. Олардың басты әні аталық пен аналықтың бірлескен дуэті. Мұдай маймылдар негізінен тропикалық ну ормандарды мекен етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/839621-almatyda-zoobaghyna-italiyadan-lola-es.html