RU

Қырғызстанда күші 9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін

 Ағымдағы жылдың екінші жартысында Қырғызстанның таулы аймақтарында қуаттылығы жоғары жер сілкінісі орын алуы мүмкін. Мұндай болжамды елдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі жасап отыр.

Территориясының басым аумағы тауда орналасқан Қырғызстан қауіпті сейсмикалық аймаққа жатады. 2008 жылдың қазан айында қырғыз-қытай шекарасында орналасқан Нұра ауылында 8 балдық жер сілкінісі тіркеліп, салдарынан елдімекен тұтастай қирап қалған болатын. Табиғи апат 75 адамның өмірін жалмап, тағы 150 адам жарақат алған еді.

Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының сейсмология инстиуты жасаған болжамға сәйкес, 2015 жылдың екінші жартысында республиканың барлық аумағында жер сілкіну қаупі бар.

"Ең қауіпті аймақтар ретінде Баткент пен Ош облыстарының Тәжікстанмен, Қытаймен шекараласатын жерлері алынып отыр. Мұнда 7-9 балдық жер сілкінісі тіркелуі мүмкін" делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар солтүстік Тянь-Шаньда, яғни Ыстықкөл облысында да қуатты жерасты дүмпуінің қаупі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/841096-qyrghyzstanda-kushi-9-baldyq-zheor-silkin.html