RU

Белгілі ғалым алматылықтарға жер сілкінісі қаупіне бола үрейленбеуге кеңес берді

Сарапшының болжамына сәйкес, алдағы үш аптаның ішінде Алматыда жер сілкінісі болады.

Жер сілкінісі ошағында 5 балл және Алматыда 4 балл зілзала болатынын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биофизикалық экология зертханасын меңгеруші Виктор Инюшин болжап отыр деп жазды Today.kz. Биофизик жер сілкінісі осы айда болады деп санайды.

"Өткен жылдардың мәліметтері негізінде жер сілкінісі болу ықтималдығы 95 пайызды көрсетіп тұр. 49 сағаттан бұрын жасалған болжам, әдетте ең нақты болжам болады. Зілзала ошағы Алматы облысында болады", - дейді Виктор Инюшин.

Алайда Алматы тұрғындарына қауіпсіз жерге көшудің еш қажеті жоқ деп санайды ғалым. Оның сөзіне сенсек, бұл жер сілкінісі Камтандудағы жантүршігерлік зілзаланың кішігірім жаңғырығы ғана болмақ.

"Қазір қорқынышта отырған мекендер Гималай мен Памир платформасында орналасқандар. Бірталай адам зардап шегуі мүмкін. Соның ішінде көрші Қырғызстанға да қауіп бар. Алайда Қазақстанға ешқандай қатер төнбейді. Сондықтан үрейленіп, кептеліс жасап, қаладан көшудің еш қажеті жоқ", - дейді Инюшин.

Бір күн бұрын Қырғызстанның Сейсмология институты Қырғызстан аймағында жер сілкінісі болу қаупі барын жария еткен болатын. Баткен және Ош облыстарының Тәжікстан мен Қытайға шекаралас аймақтарында 7-9 баллдық зілзала болады деп күтілуде.

Аталмыш институттың директоры Таңатқан Абақанов бұл 9 баллдық жер сілкінісінің Қазақстанға еш әсері болмайтынына сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/841139-ghalym-almatylyqtargha-boluy-mumkin-zhe.html