RU

Астанада кәсіпкерге оқ атқандар 12 жылға сотталуы мүмкін

Астанада «Бәйтеректің» маңында болған атысқа қатысты сот процесі басталды. Оқиғаға байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, бір жарым жыл тергеу жүрген деп хабарлайды КТК арнасы.

Қаланың қақ ортасындағы «Керуен» ойын-сауық орталығынан шыққан екі адамға бетіне медициналық маска киген белгісіз біреулер шабуыл жасап, травматикалық  қарудан оқ жаудырған болатын. Қастандық салдарынан алматылық кәсіпкер мен қасындағы досы ауыр жараланған.

Астанада болған атысқа қатысты іс бір жарым жыл тергеліп, сотқа енді жетіп отыр. 36 жастағы алматылық кәсіпкер Олжас Мұқажановқа оқ атқандардың бірі – Камил Ибишев. «Қоғамдық орында адам өлтірмек болды» деп айыпталған оны жақтап сотқа не жақындары, не таныстары келмеген.

Ибишев тапсырысты сыбайласымен бірге орындаған. Оқиға былтыр ақпанда болды.  Тал түсте тура министрлер үйі мен «Бәйтеректің» жанындағы «Керуен» ойын-сауық орталығынан шыққан алматылық кәсіпкер мен қасындағы досына медициналық маска киген екі жігіт травматикалық тапаншадан оқ жаудырған. Он рет атылған оқтың алтауы Мұқажановқа тиген.

Кәсіпкерді өлтіруге тапсырыс берген бұрын бизнес серіктесі болған Ерлан Анарбек екен. Ол Қауіпсіздік кеңесінде инспектор болып істеген. Қазір «ірі көлемде ақша бопсалады» деген күдікпен халықаралық іздеуде жүр.

"Ерлан екеуміздің арамызда келіспеушілік болған емес. Бірақ Қостанайда менің жеке бизнесім бар. Тергеу барысында Ерлан Анарбек осындай жолмен кәсібімді тартып алмақ болғаны анықталды. Ол жүргізушісі мен оққағарына 3 мың доллар төлеп, мені өлтіруге тапсырыс берген", - дейді жәбірленуші Олжас Мұқажанов.

Сонжай-ақ алғашқы сот отырысында Камил Ибишевтің адвокаты қылмыстық істі мүлдем тоқтату туралы өтініш жасады.

Сот отырысы бүгін 5 шілде де жалғасады. Егер, судья адвокаттың өтінішін кері қайтарып, прокурорлар Ибишевтің кінәсін дәлелдеп шықса, кем дегенде 12 жылға түрмеге тоғытылуы мүмкін. Бірақ екінші күдікті жуырда сотқа өзі келіп,  кінәсін мойындап, тіпті қылмысқа тапсырыс берген адам мен ұйымдастырушының атын атаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/841413-astanada-kasipkerge-oq-atqandar-12-zhylgh.html