RU

Қазақстан шекара аймағындағы туристік нысандарға туристердің өтуін жеңілдетті

«Шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілеу туралы» үкіметтің қаулысына өзгерістер енгізілген соң, шетелдік туристер еліміздің шекара маңында орналасқан демалыс аймақтарына кедергісіз кіре алады.

Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселенің мән-жайын түсініретін болсақ, «Шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілеу туралы» Қазақстан үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуіріндегі № 356 қаулысына сәйкес, шекара маңында орналасқан Қазақстанның біраз туристік аймақтары 25 шақырым аумаққа кіріп-шығу немесе уақытша мекендеу арнайы рұқсат қағазбен іске асатын ҚХР-ның шекаралас әкімшілік аудандарының территориясына кіріп кеткен болатын.

Бұның салдарынан Қазақстанның көрікті мекендеріне келеміз деген өзге шетелдік туристер тек Сыртқы істер министрлігінің арнайы өткізу қағазын алуға мәжбүр болды.

Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі шекаралық облыстардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, сол шекара маңындағы туристік нысандарға қойылатын режімдік шектеулерді алып тастау немесе тоқтата тұру үшін туристерге тартымды орындардың тізімін жасады.

Барлық пікірлер мен ұсыныстар қаралған соң, «Шекаралық белдеудің, карантиндік белдеудің және шекаралық аймақтың шектерін белгілеу туралы» Қазақстан үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі № 356 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үкіметтің қаулы жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда үкімет қаулысына премьер-министр қол қойып, құжат  ресми жариялануға дайындалып жатыр.

Қаулыға сәйкес, шетелдік туристер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруі үшін шекаралық режим қолданылмайтын шекара маңындағы аумақтардың тізімі бекітілді.

Тізімге Үлкен Алматы көлі, Шарын, Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи парктер, Көлсай көлі, Шымбұлақ шипажайы, Медеу, Көк Жайлау, Үстірт табиғи қорығы, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Орал, Риддер, Сарыағаш, Тараз және тағы бірқатар белгілі туристік орындар қосылып отыр.

«Үкімет қаулысы ресми жарияланғаннан бастап 10 күннен кейін күшіне енеді», - делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/841986-sheteldik-turister-shekara-aymaghyndagh.html