RU

ОҚО-да тұрғындар жоқ су үшін қырық мың теңгеден жинап берген

Шымкент қаласы Құрсай ықшамауданында тұратын 54 үйдің тұрғыны су мәселесіне қатысты жергілікті билік қитұрқы әрекеттерге барып отыр деп шағымдануда. Айтуларынша, жоқ су үшін қырық мың теңгеден жинап берген.

Құрсай ықшамауданының үлкен бөлігіне су жүйесін тартып отырған мердігер компания өкіліне осындағы сусыз отырған елу төрт үйдің тұрғыны "бізге де су тартып беріңіз" деген өтінішін білдірген.

Өзін сол компанияның өкілімін деп таныстырған Шерхан Нұрсейітов деген азамат барлығыңызға су жеткіземін деп уәде беріп, әр отбасынан қомақты қаражат жинағанын айтады тұрғындар. Оған қоса, билік халыққа келісім-шарт табыстаған.

"Елу төрт үй қырық мыңнан жинады. Ал қалғаны жоғарғы жақтағы 24 үй елу мыңнан. Арасында алпыс мыңнан бергендері де бар. Арғы жақтағылар. Общая сумма сол үш миллионнан асты ғой енді", - дейді "Құрсай" ықшамауданы тұрғыны Уәлихан Ержігітов.

Наразы болған халық әкімдік арқылы мердігер компанияның басшысын тауып сөйлескен. Оның жетекшісі жетпеген жеріне қосарсың деп өзінің өкілі Шерханға ақша бергенін айтқан көрінеді.

"Менің репутацияма сөз келмесін деймін. Сол себепті мен Шерханға ақша бердім. Жетпегеніне қайта-қайта беріп жатырмын. Маған енді не дейсіздер дейді. Шерханға барсақ, сендердің ақшаларыңа есіктеріңнің алдына құбыр жүргіздім, счетчик қойдым. Өз миссиямды бітірдім дейді", - деп ақталды Аида Махатаева есімді тұрғын.

Құрсайлықтар  сенген Шерханның өзі мердігер компанияның ешқандай өкілі емеспін, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде де жоқпын, тек мүмкіндігіме қарай, сұраныс түскен соң, су жүйесін тартып бердім деді.

Жеке азаматтың су құбырын тартқан дерегінен әкімдік те хабардар. Алайда, мұны заңсыз деп отыр. 720 үйге жобалық құжаты бар су жүйесі тартылып жатқанын көрген тұрғындар өз беттерінше сондағы бір азаматпен келісім жасасқан дейді. Ал, тұрғындар қолына берілген келісім-шартты әкімдік қызметкерлері артық үйлерге жаңылыс таратты деп отыр.

"Су жүргізген мекеме болса, өздері білер еді. Әкімдік қызметкерлері болғандықтан, кішкене қате кеткен. Ал, су жобалы түрде, жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, бұл мәселе шешіледі", - дейді Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Билік Құрсайдағы сусыз отырғандарға тек мемлекеттік тапсырыс аясында ғана жүйеге қосылуды өтінеді. Алайда, 2015-2020 жылдарғы бағдарламаның қай жылында су келетінін әзірге дөп басып айта алмай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/843284-oqo-da-turghyndar-zhoq-su-ushin-qyryq-mynh-t.html