RU

Оралда қазақ хандарының суреті бейнеленген оқушы дәптерлері шыға бастады

Оралда мұқабасында Керей мен Жәнібек сынды қазақ хандарының суреті бейнеленген оқушы дәптерлері шығарылуда.

Бұл іс қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойы қарсаңында қолға алынып отыр. Мұқабада Абылай, Әбілхайыр хандармен бірге Райымбек, Сырым, Исатай мен Махамбет батырлардың да бейнелерін көріп, өмірбаянымен танысуға болады.

Игі бастамаға мұрындық болған жергілікті баспахана өкілдерінің айтуынша, осы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, елі мен жері үшін қызмет еткен тарихи тұлғаларды танып-білуге тәрбиелеуге зор мүмкіндік туады.

«Жасыратыны жоқ қазір елімізге шеттен келіп жатқан оқушы дәптерлерінің бетінде сорақы суреттердің көп кездесетіні рас. Осы тұрғыда біз биылғы мерейлі жыл аясында осындай тәрбиелік мәні зор істі қолға алдық. Бұл тек бастама. Ал оны болашақта көптеп шығарып таратумен іргелі баспаханалар айналысқаны дұрыс», – дейді жоба авторлары.

"Қазіргі кезеңде дәптерлерді алып қарайтын болсақ, бала тәрбиесіне жат түрлі суреттер бейнеленген дәптерлер өте көбейіп кетті. Бұл балалалардың санасын бұзатындығы және болашақта кері әсерін тигізетіні айқын байқалып тұр. Сондықтан да біз балаларды ұлттық тәрбиеде оң тәрбиелеу үшін осындай бастаманықоға алдық. Екіншіден бұл – отандық тауар", - дейді  жоба жетекшісі  Жантас Сафуллин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/843610-oralda-qazaq-khandarynynh-sureti-beyne.html