Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеті төбенің басында орналасқан Мәңгілік қала (жалғасы)

Опубликовано:

Өткен аптада біз әлемдегі ең сұлу шаһарлардың бірі Италия астанасы Римге жасаған саяхатымыз туралы фоторепортаж жариялаған едік. Бүгін фотосаяхатымыздың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

Римге саяхаттаған кез-келген турист әйгілі Испан баспалдағы, Бернинидің "Баркачча" су бұрқағын (1628 ж.) айналып өтпесі анық. Соның салдарынан Испан алаңында ешқашан адам толастамайды. Құж-құж қайнаған халық. 138 сатыдан тұратын Испан баспалдағы Пинчоның басында орналасқан Тринита-деи-Монти көне шіркеуіне апарады. Дәл осы баспалдақ итальяндық киношеберлердің қолынан шыққан көптеген туындылардың бас кейіпкері деп айтсақ қателеспеспіз.

Италиядағы субұрқақтардың көбінде ағып тұрған су, ең қызығы, мөлдір әрі ішуге жарамды. Тіпті, дәмі тіл үйіреді. Себебі су көне акведуктардан жеткізіліп тұрады. "Баркачча" субұрқағына мөлдір су көне акведук Аква Виргодан әкелінеді.

Жалпы қалаларды субұрқақтардың саны мен сұлулығы бойынша бағаласақ, Рим, сөзсіз, көшбасшы атанатын еді. Көптігі соншалық, бір субұрқақтан екіншісіне апаратын саяхаттық жолдар да қалыптасып үлгерген.

Ұлы сәулетшілердің қолынан шыққан субұрқақтар  - мемлекеттің ерекше қорғауындағы нысандар.

Италияда, жалпы Еуропадағы шіркеулер Құдай үйінен көрі туристік нысандарға қатты ұқсайды. Себебі олардың ішінде елдің мен деген қылқалам шеберлерінің туындылары сақталған. Мұны дер кезінде түсінген еуропалық қала басшылары тіпті кейде шіркеулерге кіру құнын енгізеді.

Шіркеудің маңында да толастамас халық, мейрамханалар, суретшілер...

Испан алаңының қасында орналасқан Треви субұрқағы өкінішке орай ұзақ жөндеуге жабылған болып шықты. Бірақ оң қолмен тиын тастауды өз парызы деп есептейтін әрбір турист үшін мұнда бар жағдай жасалып, субұрқақтың кішкене бір бөлігінде су ағызып қойған.

Кейбір деректерге сүйенсек, субұрқақтан апта сайын 11 мың еуроға жуық ақша жиналады. Сондықтан болар, әдейі "қолы ашық" туристер үшін аңыздың түр-түрі бар.

Мәслелен, бір тиын тастасаң - Римге қайтып келесің, екі тиын тастасаң - осы жерде махаббатыңды табасың, үш тиын тастасаң - жуырда отбасы құрасың. Өз бақыты үшін адам баласы ақшасын аяп қалсың ба, жұрт тиынды уыстап тастайды.

Римнің көне де ғажайып атмосферасын сақтап қалған қала аудандарының бірі - Трастевере. Бұл "Тибрдың ар жағы" (Тибр - Римнің ішінде ағып тұрған өзен- ред.) деген мағынаны білдіреді.

Ортағасырлық тар тас жолдардан өрілген ауданның қақ ортасында б.д. 3 ғасырда салынған  Санта-Мария-ин-Трастевере шіркеуі тұр.  Сонымен қатар бұл ауданда тағы бір көне - 5 ғасырда бой көтерген -  Санта-Чечилия-ин-Трастевере шіркеуі орналасқан.

Трастевере бүгінде саяхатшылардың "Меккесіне" айналды десек болар. Кешке таман құж-құж қайнаған адамнан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қаладағы ең жақсы, арзан және дәмді мейрамханалардың көбін дәл осы ауданнан табуға болады.

Кешке қаланың басқа тұрғындаыр мен саяхатшылар Трастевереге дәмді астан ауыз тию үшін ағылады. Дәл осы уақытта дала әртістері түрлі қойылымдарымен қалың жұрттың ортасына шығады.

Камп-де-Фьори алаңында таңнның атысынан күннің батысына дейін ауылшаруашылық жәрмеңкесі жұмыс істейді.

Базардың сөрелерінде орналасқан жеміс-жидек, көкөніс, ірімшіктің түр-түрі көздің жауы алады.

Қолжетімді бағаға түрлі жеміс-жидектен жасалған таза шырынды сатып алуға болады.

Римнің тағы бір символы іспеттес Навона алаңы. Бұл алаңда итальян астанасының келбетін қалыптастарған ұлы сәулетшілер Бернини мен Барроминидің атақты субұрқақтары орнналасқан. Қаптаған туристен субұрқақты суретке түсірудің өзі бір жұмыс.

Қаладағы барлық туристік нысандардың қасында "гладиаторлар" қаптап жүр. Көне заманның "батырларымен" 2 евроға суретке түсуге болады. "Гладиаторлар" саудалассаңыз, бастапқы бағасын шамалы түсіріп те береді.

Император Адрианның бұйрығы бойынша біздің заманымыздың 126 жылы салынған "Барлық Құдайлар ғибадатханасы" - Пантеон. Бұл - көне заманнан бұзылмай, біздің заманға дейін таз қалпында жеткен ғажайып ғимараттардың бірегейі. Көне Римнің гүлденген сәулет өнері тұсында салынған ғибадатхана антикалық заманның орасан зор инженерлік жетістігі болып есептеледі.

609 жылдың 13 мамырында ғибадатхана христиандық шіркеуге айналды. Ғибадатханадан көрі туристік нысанға көбірек ұқсайтын Пантеонда итальяндық корольдер Витторио Эммануил ІІ мен Умберто І жерленген.

Пантеонның ерекшеліктерінің бірі - ғибадатханаңы күмбезінде үлкен шеңбер тәріздес саңылаудан күннің нұры "төгіліп" тұрады.

Саңылаудың тұсында суретке түсу - туристердің ең сүйікті ісі.

Ғибадатхананың кіре берісінде - жануарлармен, фотоаппаратпен, тамақпен, ашық-шашық киіммен келуге болмайды деген тыйымның тізімі ілінген.

Бірақ бұл тыйым ешкімді де тоқтатар емес...

Пантеонның маңында, жалпы барлық дерлік туристік орындарда, жұрттың назарын өзіне аудартатын осындай "әртістер" жетерлік.

Римдегі шіркеулер санынан жаңалысып кету қиын емес. Кез-келген бұрыштан бір шіркеу көрініп тұрады. Олардың әрқайсысының қала өмірінде орны ерекше. Ал кейбірінде тіпті әлем тарихын өзгерткен оқиғалар орын алған.

Бірақ әрине католик әлемі үшін ең маңызды болып саналатын ғибадатхана Ватиканда ораналасқан Әулие Петр шіркеуі.

Әдетте туристер Ватиканға тек Әулие Петр шіркеуі мен әлемнің ең керемет өнер туындылары жинақталған ірі Ватикан мұражайын тамашалап қайту үшін ғана бас сұғады. Алайда барлық тұсынан өзге мемлекетпен қоршалған анклав Ватиканның өзі 900 тұрғыны бар, банк жүйесі, 276 метрге созылған теміржолы, пошта қызметі, электрстанциясы, шағын әскері, елшіліктері бар өз алдына бір мемлекет.

Ватиканда тіпті Италияның дипмиссиясы бар. Ең қызығы, елшілік Римнің аумағында орналасқан.

Микеланджело, Бернини, Рафаэль, Браманте сынды ұлы сәулетшілердің қолынан шыққан орасан зор ғибадатхананың ішіне 60 мың адам, сыртындағы алаңға 400 мың адам сыяды.

Суретте - ұлы Микеланджелоның қолынан 23 жасында шыққан туындысы - "Пьета" мүсіні. Бұл мүсіннің көшірмесі әлемнің көптеген елдеріндегі шіркеулерде қойылған.

1976 жылы балғамен қаруланған австралиялық геолог "Мен - Исамын!" (Иса пайғамбар - ред.) деген сөздермен мүсінге тап беріп, оған зақым келтірді. Бұған дейін авторы кім екені белгісіз болған мүсіннің зақымдылған бөлігінен Микеланджелоның қалдырған қолтаңбасы анықталып, осы оқиғаның өзі пайдасын әкелді. Кейін жөндеуден өткізілген мүсін оқ өткізбейтін шынымен қапталды.

Римдегі тағы бір шіркеулердің бірі. Әдетте шіркеулердің ішкі интерьері ең қымбат деген материалдармен безендіріліп, ішіне ұлы суретші-сәулетшілердің туындылары қойылады.

Санта Мария - делла -Кончеционе шіркеуінде саяхатшылар көбіне сырт айналып кететін ерекше мұражай орналасқан. Шіркеу интерьерінің безендірілуін ұлы Гвидо Рени, Доменико, Караваджо мен Пьетро да Кортона жасаған.

Ерекше мұражайдың бес залы 4 000 монах-капуциннің сүйегінен барокко стилінде безендірілген. Залдардың бірінде «Una volta che abbiamo che ora — tu. Un giorno vi sarà il fatto che ora — noi» деген жазу қалдырылған. Оның мағынасы - "Бізде сізде болғанбыз, сіз де біздей боласыз".

Римнің негізін қалаған атақты Ромул мен Ремге өз сүтін беріп, бағып шыққан ұрғашы қасқырдың мүсіні. Қоладан құйылған қола мүсін Капитолий мұражайында қойылған.

Қаланың күтпеген тұсынан көне заман үйінділері шыға келеді.

Бірі білсе, бірі білмес. Бірақ Римнің өз пирамидасы бар. Цестий пирамидасы - көне римдік мавзолей. Біздің заманымызыға дейін 18-12 ғасыр аралығында император Гай Цестий Эмпулон үшін салынған. Бұл Римдегі жалғыз пирамида емес. Бұдан үлкені 15 ғасырға дейін Ватиканда сақталған болатын. Кейбір деректер Цестий пирамидасында  - Рем, Ватикан пирамидасында Ромул жерленгенін айтады. Бұл туралы Петрарка да жазып кеткен.

Итальяндық кухняның ең танымал өкілі - пицца.

Castel Sant'Angelo — Кастель Сант-Анджело. Басында түрме ретінде пайдаланылған, кейін мұражай, мазар, Рим папаларының резиденциясы қызметін атқарған. Қазір осыдан 2000 жыл бұрын салынған ғимаратта мұражай орналасқан.

Римге жасаған фотосаяхатымыздың басын мына жерден оқи аласыздар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/844104-zheti-tobeninh-basynda-ornalasqan-manhg-2/

pixel