RU

Алматыда өлілердің тізіміне кіріп, "қайта тірілген" зейнеткер үйінен қуылуда

Алматылық зейнеткер Зинаида Курнина 28 жыл бойы кезекте тұрып, әзер баспаналы болған еді. Бірақ сол 5 жыл бұрын қол жеткізген пәтерін енді әкімдік тартып алмақшы деп хабарлайды КТК арнасы.

О баста атқамінерлер баспана кейін оның жекеменшігі болады деген еді. Ал қазір сөздерінен тайқып, үйді босатуын талап етуде. Зейнеткер сотқа екі рет шағым түсіріп, жеңіп шыққан. Бірақ шенеуніктер тіпті мұны да елер емес.

Зинаида Курнина 2009 жылы өлдіге саналып, пәтер кезегінен шығарылған. Тек тілшілер араласқаннан кейін құжаттары қайта жасалып, зейнеткерге 2 бөлмелі пәтер берілген еді.

Мемлекет меншігіндегі баспана келісімшарт бойынша 5 жылдан кейін жекеменшікке өтуі керек болыпты. Бірақ сол мерзім өтсе де, әкімдік үйді Курнинаның атына жазуға асығар емес.

"Үйді 33 жыл күттім. 28 жыл бойы кезекте тұрдым, 5 жыл бойы тұрып жатырмын. Бірақ бұл үй әлі менікі емес. Тиісті мекемелерге қанша барсам да, сөзге құлақ асатын жан табылмай тұр", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Зинаида Курнина.

Зейнеткердің бұдан басқа барар жері жоқ. Ал шенеуніктер пәтерді тез арада босатуын талап етуде. Амалы қалмаған әйел екі рет сотқа шағымданған. Екеуінде де іс Курнинаның пайдасына шешіліпті.

Бірақ оның айтуынша, жауапты мекемелер сот шешіміне де, зейнеткердің жанайқайына да құлақ аспай келген. Десе де әйелді тұрғын үй басқармасы әлі де үміттендіріп отыр.

"Зинаида Курнина 2015 жылы шілде айының басында Тұрғын үй басқармасы басшысының қабылдауында болды. Ол 2 бөлмелі пәтерін жекеменшікке өткізуді сұрайды. Келісімшартты ұзарту туралы құжаттарын рәсімдеу керек екенін айттық. Қажетті құжаттарды толығымен тапсырғаннан кейін баспананы жекешелендіру мәселесін тұрғын үй комиссиясы қарайтын болады", - дейді Алматы қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Тұралиев.

Дегенмен, зейнеткер шенеуніктердің мұндай уәдесіне тойдым дейді. Заңды құжаттары бола тұра, баспанасын өз атына ала алмай келген ол әлі де далада қаламын ба деген үреймен жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/844889-almatyda-olilerdinh-tizimine-kirip-qa.html