RU

Қазақстан Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлеріне сәндірек киінуге кеңес берілді (фото)

Қазақстан гвардияшыларының жаңа киім үлгісінен плагиат белгілері байқалды. Ұлттық гвардия әскери қызметкерлеріне сәндірек киінуге кеңес берілуде.

3 тамыздан бастап Қазақстанның Ұлттық гвардия әскери қызметкерлеріне жаңа форма таратылды. Киімнің жаңа үлгісін енгізуге алдағы "ЭКСПО-2017" көрмесі мұрындық болған.

Форманың түсі қара-көк түске ауыстырылды. Формаға бас киім (кепка), шалбар, жейде, футболка және былғарыдан жасалған жабдықтар кіреді.

Ұлттық гвардияның айтуынша, жаңа форма қалада қызмет етуге ыңғайлы етіп жасалған. Мұндай киім үлгісі бүгінгі таңда барлық Еуропа елдерінде қолданылып жүр.

Ал Қазақстан дизайнерлерінің бірі Сәкен Жақсыбаев жаңа формадан плагиат белгілерін байқағанын жасырмады.

"Киімге бір қарағанда, Испанияның тәртіп сақшыларының формасы еске түседі", - дейді Сәкен. Ол дизайнер маман ретінде киім үлгісіне кей өзгерістер енгізуді ұсынды.

"Қалталары әлдеқайда көлемді болса деймін. "Қазақстан" жазуын да көлемді, фактуралы және жарықты шағылдырғыш етіп өзгертсе болады. Ал сапасына тек қолға алғанда ғана баға бере аламын", - дейді дизайнер.

Сол арада NUR.KZ қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізіп, формаға қатысты көпшіліктің пікірін біліп қайтты. Сауалнамаға жауап берген тұрғындардың дені форманы іш пыстырарлық әрі ажарсыз деген ойда. Ал кей бойжеткендер гвардияшыларға сәндірек киінуге кеңес беруде.

Арнайы форманы ауыстыру бастамасы бұрынғы ТМД-ға кірген көптеген елдерде қолға алынып жатыр. Мәселен, жақында Украина патрульдік полицейлеріне жаңа униформа енгізген болатын.

Жаңа украиналық форма (жоғарыдағы фотода) америкалық полицейлердің киім үлгілеріне қатты ұқсайды. Жалғыз айырмашылық – Украина ІІМ эмблемасының болуы. Енді Украинаға келген әрбір саяхатшы мұндай тәртіп сақшылармен селфиге түсуден бас тарта қоймас.

Егер бұл бастама біздің елде жалғасын тапса, отандық полицейлеріміз де жаңа киіммен жүруі әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/844959-qazaqstannynh-ulttyq-gvardiya-askeri-q.html